«Алтын өлке жұлдыздары» мерекелік іс-шарасында ең үздік түлектерге аттестат пен сыйлықтарды Павлодар әкімі табыс етті
ПАВЛОДАР. 21 маусым. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов мектеп түлектеріне арналған «Алтын өлке жұлдыздары» мерекелік іс-шарада үздік оқушыларды құттықтады.
Қала басшысы 10 оқушыға үздік аттестат, 19 оқушыға «Алтын белгі» тапсырды, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.
Оқудағы жетістіктері үшін оқушылар қала басшысынан планшет алса, облыс әкімі атынан әрқайсысына ноутбук сыйланды.
2013 жылдың түлектері тарихына тағы сегіз оқушы - халықаралық зияткерлік байқаулар мен сайыстардың жүлдегерлері кіреді. ҚР БҒМ министрінің бұйрығы бойынша олар ҰБТ-дан босатылды. Бұл оқушылардың әрқайсысы оқу грантына ие болып, еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарына тегін білім алуға шақырылды.
Мерекелік іс-шарада шәкірттеріне терең білім берген қала мектептерінің директорлары мен ұстаздарына жылы лебіздер білдірілді.