Алтын Орда базары жанындағы жол жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталды

Ұлттық компанияның мәліметінше, қазір асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. 127 мың шаршы метр аумақта қалыңдығы 5 см болатын қиыршықтас-мастика асфальтбетон жабыны төселеді. Құрылыс жұмыстарына 120 жол жұмысшысы мен 40 техника жұмылдырылды.
«Жалпы, осы төрт шақырым учаскеде мердігерлерге жол айрықтары мен шығу жолдарын жабдықтап, «Нью-Джерси» темірбетон және тосқауыл қоршауларын орнату жұмыстарын аяқтау қажет. Сондай-ақ жолға бейнекамера орнатылады. Келісімшарт талаптарына сәйкес құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі 2022 жылдың қараша айына белгіленген. Бүгінгі күні жолды жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталды», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева.
Бұған дейін «Алтын Орда» базары жанындағы жол жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатыны туралы жазған болатынбыз .
Еске салайық, «Алтын Орда» базарының жанындағы эстакада былтыр желтоқсан айында ашылған еді.