«Алтын тобылғы» жас әдебиетшілер байқауына өтінімдер қабылдау басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әдебиет саласындағы «Алтын тобылғы» байқауына өтінімдер қабылдау басталды. Бұл туралы ОКҚ-де болған баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов хабарлады.
«Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Қорының әдебиет саласындағы «Алтын тобылғы» сыйлығына байқаудың басталғаны туралы қуанышпен хабарлап отырмыз. Республикалық маңызы бар бұл әдеби сыйлық жас әдебиетшілерімізді біріктіріп, оларға қолдауға арналған. Өздеріңіз білетіндей, отандық әдебиетшілердің туындылары қазақстандықтардың мақтанышына айналуы тиіс, Президентіміздің дәл осы сөздері бұл көлемді әдеби сыйлықты ұйымдастырудың негізіне айналды. Жалпы алғанда, осындай шаралар отандық әдебиетке деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, оның тарихы, рухани бастауларына көз жүгіртуге және кітап оқуға деген сүйіспеншіліктің дамуына септігін тигізеді», - деп хабарлады С.Нұраханов.
Сондай-ақ ол байқау төрт аталым: «Поэзия», «Проза», «Балалар әдебиеті» және «Драматургия» бойынша өтетінін, оған қоса биылғы жылы «Мәңгілік Ел» арнайы аталымының қосылғанын атап өтті. «Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы жас авторлар жіберіледі. Әр аталымдағы жеңімпаз Тұңғыш Президент Қорының 1 млн теңге көлемінде және «Мәңгілік Ел» аталымында 1,5 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарды алады. Қатысушылардың жұмыстарын білікті қазылар алқасы жабық режімде бағалайды, сол арқылы таңдаудың объективтілігі толық қамтамасыз етіледі», - деп түйіндеді С.Нұраханов.