«Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің жолы 51 шақырымға дейін ұзартылды – Б. Тілеухан

«Алтын тұлпар» бұл - айрықша бәйге. Жасыратыны жоқ, бүгiнде болып жүрген бәйгелерге Еуропадағы атқораларда тұрған, қысқа қашықтыққа шапшаң, ұшқыр шабатын ағылшынның таза қанды аттары қатысады. Соның салдарынан нағыз қазақы аттың бапкерлiгi, жылқының ұзақ шақырымға төзiмдiлiгiн дайындау өнерi ағылшын аттарының заманауи ат шабыстарының көлеңкесінде қалып қойып жатқаны өкiнiштi. Осыған байланысты, қазақтың дәстүрлi атбегiлiк өнерiн қалпына келтiру мақсатында былтыр алғаш рет аталған турнир өткiзiлген болатын. Биыл осы турнир екінші рет өткізіледі. Сонымен қатар, былтырғы бәйге жолы 43 шақырымнан 51 шақырымға ұзартылып отыр», - дейді Бекболат Тілеухан.
Оның айтуынша, бәйге жолына қатысты әңгіме былтырғы турниден бері аз айтылған емес. Мәселен, атақты Сағынайдың асында Құлагер 43 шақырымға шапты делінеді. Бұл да нақты мәлімет емес, өйткені бiреулер мұны 69-70 шақырым деп айтады.
«Осы мәселе бойынша атбегiлер арасында үлкен кеңес өттi. Сосын былтырғы 43 шақырымда «жылқының тынысы дұрыс ашылмай қалды» деген секілді басқа да мәселелерді ескере келе, 51 шақырымға ұзартуға тоқтадық», - дедi Б.Тiлеухан.
Айта кетейік, «Алтын тұлпар» аламан бәйгесiнiң жүлде қоры 23 млн теңгенi құрайды. Соның iшiнде, бас жүлдеге 10 000 000 теңге берілсе, мәреге алғаш жеткен 9 тұлпарға жартылай жүлде берiледi. Сонымен қатар, осы шара аясында «ат сыншысы» байқауы ұйымдастырылып, жүйрiктi жазбай таныған сыншыға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы» және «Кейхауыс сыншы» атындағы арнайы жүлделер тағайындалып отыр.
Екінші республикалық турнирге 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 сәйгүлiктен, яғни, бәйгеге кемiнде 160 ат қатысады деп күтiледi.
«Бүгінгі таңда алаш баласы, тұтас Қазақстан болып ерекше тойлап жатқан мерекелердiң бiрi - Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осы айтулы мерекеге орай «Нұр Отан» партиясы, Ұлттық спорт түрлерi қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлiгi «Алтын тұлпар» республикалық турнирiн өткiзiп, өз үлесiн қосатын болады», - деді Б. Тілеухан.