«Алтын Жүрек» сыйлығына өтініштер қабылдануда
АЛМАТЫ. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Бауыржан» қайырымдылық қоры осымен төртінші жыл «Алтын Жүрек» ұлттық- қоғамдық сыйлығын тағайындап келеді. Қазақстандағы қайырымдылық пен меценаттық идеяның қанат жаюына ықпал етіп келе жатқан бұл сыйлық өз жұмысын бастап кетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайырымдылық жасауды, қиналғанға қол ұшын созғанды, көмекке мұқтаж жандарға демеу бергенді өзіне парыз деп білген жандар аз емес. Қоғамның әр саласындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды ешкімнің ықпалынсыз-ақ міндетке айналдырған мекемелер, ұйымдар мен жеке тұлғалардың еңбегін елеп-екшеп, бағасын беру, халық атынан алғыс айту аталған сыйлық аясында көрініс таппақ.
Жеңімпаздар «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін», «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдаушы», «Жылдың қайырымды адамы», «Жыл ұйымы» және «Өнер және қайырымдылық» атты аталым бойынша анықталады.
«Алтын Жүрек» ұлттық-қоғамдық сыйлығына қатысу үшін өтініш үлгісін www.altynzhurek.kz , www.baurzhan.kz сайтынан, сонымен қатар aitbaeva@yandex.ru , baurzhanfund@gmail.com электронды пошталарына хат жазу арқылы алуға болады.
IV «Алтын Жүрек» ұлттық -қоғамдық сыйлығының жеңімпаздары 2010 жылы 27 қазан күні Астана қаласы Конгресс-Холл ғимаратында өтетін салтанатты кеште анықталмақ.