Алтынай Жорабаеваның Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақстаным, алға» атты концерті өтті
Астана қалалық әкімдігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен ән кешіне Алтынайдың өнердегі әріптестері Жұбаныш Жексенұлы, Айгүл Иманбаева, Қайрат Нұртас, Сәкен Майғазиев және інісі Талғат Жорабаев қатысып, өз өнерлерімен бөлісті.
Отандық эстрадамызда өзіндік ерекше даусы бар әнші қызын тыңдармандары да қатты сағынып қалыпты. Себебі, Алтынай соңғы рет 2004 жылы жеке концертін берген екен. Арада 10 жыл өткеннен кейін бүгін еліміздің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында тыңдармандарымен қайта жүздесті. Алтынай бүгінде тек танымал әнші ғана емес, төрт бірдей қызды өсіріп отырған аяулы жар, көп балалы ана екенін де естен шығармауымыз керек. Бүгінгі концертінде Алтынаймен бірге сахнада сол төрт қызы да ортаға шығып, өз өнерлерін көрсетті. Анасы құйқылжыта ән салса, сүйікті қыздары биден шашу шашты.
Естеріңізге сала кетейік, Алтынай Жорабаева үлкен сахнаға алғаш рет 1997 жылы шығып, облыстық «Арай» байқауында жүлдегер, ал республикалық «Жас қанат-97» байқауында дипломант атанған. Одан кейін де орындаушылық шеберлігін үздіксіз ұштау арқасында 2001 жылы Алматыдағы ХІІ Халықаралық «Азия даусы» байқауында, 2004 жылы Болгарияның Варна қаласындағы ХІІ Халықаралық «Discovery» байқауында, 2005 жылы Мысырдың Каир қаласындағы ІІ Халықаралық «Александрия» ән байқауында лауреат болды. 2003 жылы Белоруссияда ХІІ Халықаралық «Славян базары» байқауында дипломант, 2004 жылы Латвияның Юрмала қаласында V Халықаралық «Янтарь жұлдызы» байқауында бас жүлде (Гран-При) және 2005 жылы АҚШ-тағы Голливудта өткен орындаушылық шеберліктің әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс медальды иеленді. Сондай-ақ 2004 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, 2006 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, 2008 жылы Қазығұрт ауданының құрметті азаматы атағына қол жеткізді. Алтынай Жорабаеваның алғашқы аудио альбомы 2002 жылы «Арманыма ғашықпын» деген атпен шыққан болатын. Ал «Өмір- өзен» атты алғашқы жеке концерті 2004 жылы «Қазығұрт» өнер орталығының ұйымдастыруымен Алматыдағы Республика сарайында өтті. «Жүрші, сәулем, ауылға», «Елімнің жүрегі -Астана» деген үнтаспа альбомдары мен «Өмір-өзен» атты бейнетаспа альбомы жарыққа шықты. Қазіргі таңда Алтынай 4 қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана, асыл жар.
Күнсұлтан Отарбай