20:50, 22 Қараша 2022 | GMT +5
Алтынемел асуында көліктің барлық түріне жол жабылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық маңызы бар «Сарыөзек-Көктал» автожолы бүкіл көліктер үшін жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, бүгін, 22 қараша кешкі 20.30-дан бастап «Сарыөзек-Көктал» тасжолының 45-68 шақырым аралығында көліктің барлық түрінің қозғалысына тыйым салынды.
Бұл учаске - Алтынемел асуының тұсы.
Жолдың жабылуына толассыз жауған қар, ақтүтек боран, екпіні секундына 20 метрге жететін күшті жел себеп болды.
Жолдың аталған учаскесінде 6 арнайы техника күрделі жөндеу жұмысына жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, мұның алдында «Алматы - Өскемен» жолында тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынған еді.