Алтыншаш Көбжетерова: Вакцина тиімділігінің дәлелі - бұл аймақтағы инфекцияның төмен көрсеткіші
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Егіндікөл ауданында осы жылдың наурыз айында басталған халықты жаппай иммундау жұмыстары аяқталды. Егу науқаны басталғаннан бері тоғыз егу пункті тартылып, көшпелі топтар белсенді жұмыс жүргізді. Санитарлық қызметтердің және жергілікті әкімдік жұмысының белсенділігі халықты толық иммундауға ықпал етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармысына сілтеме жасап.
Бірінші болып медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне екпе салынды. Содан кейін вакцинаны мемлекеттік қызметкерлер, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен студенттер алды. Аудан әкімінің орынбасары Алтыншаш Көбжетерованың айтуынша, алдымен халықты ұйымдастыру және шақыру өте қиын болды.
«Мен өзім ауылдарға барып, әрбір тұрғынмен әңгімелесіп отырдым. Нақты мысалдармен түсіндірілді. Егіндікөлде отбасы шетелден келіп, ауырғанда, сондай-ақ, өзге елді мекендерге барып, жерлеу рәсіміне қатысқан кезде індет тараған жағдайлар болды. Вакцинаның тиімділігінің дәлелі-бұл аймақтағы инфекцияның төмен көрсеткіштерінің бірі», - дейді аудан әкімінің орынбасары.
Ол атап өткендей, вакцинациялау жалғасуда. Уақытша медициналық себептері бар немесе бұрын ауырып жазылғандар өз еріктерімен вакцина алуда. Ендігі арада дәрігерлердің күш-жігері аурудың алдын-алуға және жеке қауіпсіздіктің қосымша шараларына бағытталып отыр.
Осы ретте, облыстың Қосшы қаласы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарында вакцинация науқаны аяқталуға жақын.
Айта кетейік, ақпан айынан бастап облыста 246 мыңға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 191 мыңнан астам адамға екінші компоненті салынды. Облыста 133 егу пункті, сондай-ақ, 135 мобильді бригада жұмыс істейді.