Алуа Жолдыбалина: Ұлттық жобалар аймақтардың әлеуетін толық аша алмай жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Аймақтардың күн тәртібін кәсіби тұрғыда зерттейтін сараптама орталықтар қалыптасу керек. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина осындай институтардың жоқтығынан мемлекет қабылдаған шешімдер ел күткен нәтижелерді бермей жатқанын айтады.
![Ұлттық жобалар аймақтардың әлеуетін толық аша алмай жатыр Ұлттық жобалар аймақтардың әлеуетін толық аша алмай жатыр](/static/img/plug.webp)
— Елдегі сараптама орталықтары аймақтардың күн тәртібін ескере отырып жұмыс істеу керек. Өйткені біздегі сараптама ұжымдарының бәрі жалпы Қазақстанмен айналысады. Ортақ проблеманы зерттеуге күш салады. Бірақ аймақтану жағы ақсап жатыр. Мысалы, бізде Маңғыстау облысының, Қостанай облысының, Түркістан облысының сарапшы мамандары болу керек. Өйткені аймақтардың бүгінгі әлеуеті, проблемасы әр түрлі. Біз шешім қабылдаған кезде ұлттық деңгейде қабылдаймыз. Мысалы салаларды дамыту үшін бірнеше жылдық ұлттық жобаларды қабылдаймыз. Оның бәрі ұлттық ауқымдағы жұмыстарға арналған. Бірақ бізде аймақ бар ғой. Жекелеген аймақты қажеттілігі, сұранысы, күн тәртібі өз алдына бөлек әлем. Сондықтан аймақтағы сарапшылардың әлеуетін қалай өсіреміз деген сұрақтарға жауап табуымыз керек. Бүгінгі жиынның бір мақсаты осы, — дейді сарапшы.
КСЗИ өкілі аймақтардағы болжау және талдау орталықтарының күшімен өңірлердің тыныс-тіршілігін қалт жібермей бағым отыру мүмкін емес екенін айтады.
![Ұлттық жобалар аймақтардың әлеуетін толық аша алмай жатыр Ұлттық жобалар аймақтардың әлеуетін толық аша алмай жатыр](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2024-12-12/facc53d1-c05f-4d85-90ae-3499f44a7fe7.jpeg)
— Иә, болжау және талдау орталықтары бар. Олардың жұмысы сапасыз деп айтудан аулақпын. Ол ұжымдар негізінен әлеуметтік зерттеулермен шектеліп жатады. Ал өңірде зерттеуді қажет ететін сала жетерлік. Соның бәрін қамту үшін бір аймақта меншік нысаны әркелкі бірнеше талдау орталығы болу керек, — дейді Алуа Жолдыбалина.
Айта кетейік, бүгін Астанада Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен елдегі сараптамалық орталықтардың басшылары бас қосты. Олар елдің күн тәртібін қалыптастырудағы сараптама орталықтарының рөлін талқылап, алдағы бағыттарын айқындады.