Аляска штатының хайуанаттар бағында аңдар арасында президент сайлауы өтеді
АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Американың Аляска штатының хайуанаттар бағында аңдар арасында президент сайлауы өтеді. Зообақ президенті болу додасына Апан атты ақ аю мен Денали атты қасқыр түсіп отыр.
Associated Press таратқан мәліметке қарағанда, Аляска хайуанаттар бағының президенті бұдан былай төрт жылда бір рет өтпек. Аңдар арасынан зообақтың бірінші басшысы болуға екі үміткер ғана ұсынылып, олардың кандидатурасы мақұлданды. Бақ басшылығы Апан мен Денали үшін мекеме сайтынан арнайы профайлдар ашқан. Одан үміткерлер туралы мәліметтермен және олардың сайлауалды бағдарламасымен танысуға болады. Ұрғашы ақ аюдың профайлында оның 14 жаста екені, Аляскада дүниеге келгені, зообаққа үш жасында тап болғаны жазылған. Оның өзге аңдардан басты көшбасшылық артықшылығы суда да, құрлықта да көп жүре алатыны және Coca-Cola бренді арқылы әлемге танылғаны екен. Еркек қасқыр Денали де Апанға тең бәсекелес болып шықты. Аляска зообағын екі апталық кезінен бастап мекендейтін ол сол өңірдегі таумен және радиостансымен аттас. Әзірше көпaшілік Апанға көп дауыс беріп жатқан көрінеді. Дауыс беру қорытындысы 6 қараша - АҚШ президентін сайлау күні шығарылады. Айта кетейік, бұл саяси тартыс Барак Обама мен Митт Ромни арасында өтеді, деп жазады «Жас алаш» басылымы.