«Алыпсатарлар Азиада билеттерін «ала алмайды» – республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 23 желтоқсан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі апталық нөмірінде «Мәдени мұра» ұлттық жобасы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тарту-таралғы әзірледі» деген тақырыппен ақжолтай жаңалық жарияланды. Мақала авторының жазуынша, «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында тарихи құндылықтарымыз да түгелденіп жатыр. Мәселен, екінші Талды қорымынан табылған б.д.д. VI ғасырларға жататын адамның мүрдесі, сақ-сібірлік аң мәнерінде жасалған алтын бұйымдар ертедегі өнердің ерекше үлгісін көрсетсе, тоналғанына қарамастан, қорғаннан 200-ге тарта ірі, 20 мыңнан аса ұсақ зат табылған. Археологтардың айтуынша, табылған алтындардың сапасы өте жоғары екен. Арада сан ғасыр өтсе де, алтындар сап-сары қалпында сақталған. Тарихи құндылықтарымызға қатысты осы және өзге де мәліметтерді білгіңіз келсе, «Айқынның» апталық нөміріне зер салыңыз.
Сондай-ақ «Айқынның» апталық санында «Сүтте де сансыз сыр бар» деген тақырыппен мақала басылды.«Қасиетті Пайғамбарымыздың Миғраж түні рухымен және денесімен көкке көтеріліп, Алланың құзырында болып қайтқанын мұсылман баласының бәрі де білсе керек. Хадис бойынша, сол бір мүбәрак түнде Жәбірейіл періште Пайғамбардың алдына ыдыспен үш нәрсе тартады: бір кесе шарап, бір кесе бал және бір кесе сүт. Пайғамбар осылардың ішінен сүтті таңдайды. Жәбірейіл періште сонда: «Сен өзіңнің табиғатыңа сай жаратылыс мәйегін таңдадың» дейді Пайғамбарға», делінген мақалада. Осы орайда мақала авторы адамзаттың да, жан-жануардың да жарық дүниеге алғаш қадам басқандағы бірінші азығы - сүттің қадір-қасиеті жайлы ой өрбітеді.
***
Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Елімізде әлі күнге гематологиялық орталық жоқ» деген тақырыппен проблемалық мақала жарияланды. Мақалада еліміздегі онкологиялық ауруларға қатысты қалыптасқан жағдай баяндалады. Басылымның хабарлауынша, еліміз онкологиялық аурулар жөнінен жыл сайын жоғары сатыға өрлеп барады. Осыдан 10 жыл бұрын ТМД елдері арасында 8-орынға табан тіресе, бүгінде одан сатылап, 6-орынға жайғасты. «Көңіл көншітерлік дерек емес, әрине. Ең қорқыныштысы - бұл ауру түріне шалдыққандардың жасарып бара жатқандығы», - дейді мақала авторы.
Сондай-ақ осы басылымда «Алыпсатарлар Азиада билеттерін «ала алмайды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда елімізде өтетін Азия ойындарының ұйымдастырушылармен болған баспасөз мәслихатында көтерілген мәселелер жөнінде баяндалады. Мақала авторының жазуынша, баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар қысқы Азия ойындарының билеттерін тарату мен өткізудің жоспарын орындау үшін бірегей билеттік өткізу жүйесі жасалғандығын жеткізген.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Алматыға газбен жүретін автобустардың алғашқы легі жеткізілді. Мұндай көліктерді қала әкімшілігі жаңадан құрылып жатқан автобус паркі үшін алып отыр. Мамандардың айтуынша, арнайы тендер негізінде ұтып алынған автобустар жолаушылар үшін жайлы, барлық техникалық талаптар мен нормаларға жауап береді. Қала әкімшілігі бұл көліктердің Алматының экологиялық жағдайға оң әсерін тигізеді деп үміттеніп отыр. Мақала «Даешь газифицированный транспорт!» деген тақырыппен жарияланды.