Алысты болжай білетін жолбасшымызға сенеміз - Қ.Оңғаров

ҚЫЗЫЛОРДА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Шиелі аудандық білім бөлімінің бастығы Қалиолла Оңғаров бізбен әңгімесінде Елбасының биылғы Жолдауынан да алысты болжай білетін көреген де дана жолбасшының қолтаңбасы айқын байқалатынын айтты.
None
None

«Егеменді ел болып, еңсе көтеріп, жоғалуға айналған дініміздің, тіліміздің, әдет-ғұрпымыздың кеңге құлаш ұрғанына, міне, 20 жылдың жүзі болды, - деді ол өзінің сөзінде. - Қазақ ұлтының қатарға еніп, әлемге таныла бастауының басты себепкері Елбасымыздың сындарлы саясаты мен халық келешегіне, яғни бүгіні мен ертеңіне салып жатқан сара жолының дұрыстығы, әділдігі мен өміршеңдігінде болып отыр».

Бұдан әрі сұхбатшымыз Елбасының алысты болжайтын көрегендігі артынан ерген халқын, ерім деп сенген елін адастырмағанын тілге тиек етті. 20 жылдың ішінде айтса адам нанғысыз белестер бағындырылды. Сарыарқаның төрінде әсем Астана бой көтерді.Тарыдай шашылып кеткен қаншама қандастарымыз атамекеніне оралды. Елбасымыз Қазақстан азаматтарының өмірін тікелей жақсартуды көздейтін Жолдауын жыл сайын халқына арнап отырды. 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауында ол: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады», - деген еді. Осы сөздердің қазіргі таңда шындыққа айналғанына әрбір қазақстандық куә. Күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит - соның айқын айғағы. Дүниені дүрбелеңге салған дағдарыстан да қиналмай шығып, дамудың даңғыл жолына түстік.

«Елбасымыз білім-ғылымсыз дамудың мүмкін еместігін айта келе, осы салаларға баса назар аударып, барлық мүмкіншіліктерді елдің осы маңызды саласының дамуына арнауда, - деді білім бөлімінің бастығы. - Сондықтан да болар, қазіргі таңда білім беру ісін дамытуда еліміз 129 елдің арасында көшбастаушылар қатарында келеді. Өткен онжылдықта білімге бөлінген қаражат 10 есеге көбейген және осы жылдарда 750 жаңа мектеп салынған. Елбасымыз биылғы «Болашақтың іргетасын бірге қалаймыз» атты Жолдауында «білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз» дей келе, «Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға қарай 74 пайызды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады. 2020 жылға қарай біз оқытудың 12 жылдық моделіне толықтай көшетін боламыз. Ол үшін біз 2015 жылға қарай республикалық бюджет қаржысы есебінен кемінде екі жүз мектеп салып, осынша мектепті жергілікті бюджет есебінен тұрғызамыз. 2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға артады», - деп атап көрсетті. Елбасының халық үшін жасап жатқан әрбір іс-әрекетін, айтқан әрбір сөзін қуаттап, қолдай отырып, аудандағы білім саласының қызметкерлерінің әрдайым сол кісімен бірге болатынын жеткізгім келеді».

Соңғы жаңалықтар