«Алжир» көрерменге жол тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанада саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына орай түсірілген, ұлт зиялыларының әйелдері мен балаларының «АЛЖИР» лагеріндегі тауқыметі баяндалатын «Алжир» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. 
None
None

7 мамырдан бастап бұл туынды Қазақстанның ірі қалаларында кинотеатрлардан көрсетіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Фильм Света есімді бойжеткеннің Ресейден Қазақстанға, әжесі Светлана Васильеваның соңғы «аманатын» арқалап келуімен басталады. Оның мақсаты саяси қуғын-сүргін жылдары «АЛЖИР» лагерінің тұтқыны болған әжесін және анасын аштық пен ажалдан аман алып қалған Әлихан Сейдахметовті табу еді. Света әжесінің күнделігіне жүгіне отырып, бұрынғы «АЛЖИР» маңындағы ауылдарды аралайды және қарт Әлиханды табады.  Әлихан азаппен өткен сонау сұрапыл жылдарды қайта еске алады.

4  

Басты кейіпкер Әлиханның рөлін сомдаған жас актер Болат Қобыланды  Шабыт университетінің 4-курс студенті. Қатардағы жауынгер Әлихан Сейдахметов Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, «Алжир» лагеріне күзетке келеді. Әлихан лагерьдегі әйелдерге көрсетілген әлімжеттіктерге, әділетсіздіктерге төзбей, оларға барынша көмектесуге тырысады. «Алжир» тұтқыны Светлана Васильевамен көңіл жарастырады.  «Фильмнің жан тебірентетін, жүрек шымырлататын тұстары көп. Әсіресе Әлиханның өз перзентін құтқару үшін оны шопанның үйіне тастап кететін сәті бар. Сондағы қимастық сезімді көрсеткен сәт ойымнан кетпей, өз баламды қалдырып кеткендей бірнеше күн рөлден арыла алмай жүрдім», - дейді Болат Қобыланды.

5 

Фильмнің  қоюшы-режиссері Әнуар Райбаев басты рөлге қалың көрерменге бұрын таныла қоймаған, бірақ театрда тәжірибе жинақтаған кәсіби актерлерді таңдағанын атап өтті.

«Осыған дейін Алжир туралы бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Ал біздің жұмыс актерлердің қатысуымен түсірілген көркем кино болғандықтан, «Алжир» қатігездіктерінен бөлек, махаббатты көрсеттік. Махаббат болмаса, олардың тірі қалуы екіталай еді. Алжир туралы тарихи деректерді зерттегенде, нәзік жанды әйелдер мұнша зұлматтан қалай аман қалған деп таң қалдым. Олардың күйеуін өлтірді, балаларынан айырды, баспанасын тартып алды, абақтыға қамады. Бостандыққа шықcа да, олар ешкімге қажет болмады, қоғамнан шеттетілді.  Әрі қарай өмір сүрудің мәні бар ма? Олар өздерінің кінәсіз екеніне сенді, өмірге деген махаббат оларды алға сүйреді. Жылдар өте келе әділдік орнады да, тұтас жүйенің қателігі су бетіне қалқып шықты. «Алжир» - қиындыққа мойымаған, өмірге құштарлығын жоғалтпаған рухы биік әйелдер туралы фильм», -  деді ол.

6 

«Алжирдің» жалғасы түсіріле ме?» деген сұраққа режиссер «Алжирге» жиырма мыңнан астам әйелдің тап болғанын, жиырма мың әйелдің тағдыры, балалары мен күйеулерінің өмірі мыңдаған серияға арқау болатынын айтып, тарихтың мұндай ақтаңдақтары жайлы туындыларды көбірек түсіру қажеттігін атап өтті.

АЛЖИР (Акмолинский лагерь жён изменников Родины)  Қарлагтың 26-нүктесіндегі әйелдер түрмесі.  Мұнда 20 мыңнан астам әйел жазықсыз отырған. Олардың арасында Т.Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова, С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Гүлжамал, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова бар.

2007 жылы лагерь орнында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» мемориалды мұражай-кешені ашылды.  

Соңғы жаңалықтар