«АЛЖИР» зардабын баяндайтын «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» атты кітап жарық көрді

АСТАНА. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑Қазақстан халқы Ассамблеясының, Саяси қуғын‑сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешенінің бастамасымен,
None
None

сондай‑ақ ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» атты кітап жарық көрді. Бұл туындының таныстырылымы жақында «Тарихтан тағылым‑өткенге тағзым» атты халықаралық жоба аясындағы форум барысында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кітапта ХХ ғасырдағы түрлі қуғын‑сүргінде азап кешкен сан ұлттың ардақты азаматтары мен аяулы аруларының тағдыры, өмір жолдары, қуғын‑сүргіннің тарихи сипаттамасы, сондай‑ақ ғылыми зерттеулер мен қиындық кешкен жандардың өздері қалдырған естеліктері қамтылған. Азапты жылдардың ескерткішіндей болған «АЛЖИР» (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) тар қапасы мен оны мекен еткен қырықтан астам ұлт өкілдерінің қайғы‑мұңы және аналық арман‑тілектері шынайы суреттеледі.

Шығарманың аңдатпасында : «ХХ ғасыр - қазақ тарихында ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы атанған республикалар тарихында өзінің зауалы мен зұлматы, азабы мен қайғысын қатар жүргізген сталиндік қатыгез саясатпен есте қалды. 20-шы жылдардың басында басталған «қызыл қырғын» кезеңі 30‑40-шы жылдарға, бұдан кейін 50-ші жылдардың соңына дейін жалғасты. Ресми деректерде саяси қуғын‑сүргін көргендердің бас‑аяғы 60 миллионға жеткені айтылса, тек ату жазасына кесілгені 24 млн. адамды құрайды екен. Қазақстан сол бір азапты жылдары жүзден аса ұлт адамдары үшін қоныс алаңына, үлкен қуғындау лагеріне де айналды», делінген.

Мұражай қызметкерлері құрастырған толыққанды кітап сол зұлмат жылдарынан бергі Қазақ елі тарихында сталиндік тоталитарлық жүйе зардаптарын тартқан тағдырлардың тарихын баяндайды. Сонымен бірге, жинаққа тек қана еліміздегі саяси қуғын‑сүргін құрбандары ғана емес, шетелдік азаматтар, өзге ұлт өкілдерінің бастан кешкен азапты оқиғалары да арқау болған.

Шығарма ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «АЛЖИР» мемориалды‑мұражай кешенінің ашылуы барысында сөйлеген сөзімен басталады. Онда Елбасы: «Коммунистік идеологияға сүйеніп, Сталин бастаған тоталитарлық жүйенің жосықсыз әрекеті әлі күнге дейін бойымызды ашу-ызаға толтырады. Біз сол жастай солған жасампаз тұлғалардың алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз», деген болатын.

Соңғы жаңалықтар