Алжирде ел ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қаралы күн жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алжирде «Air Algerie» авикомпаниясының ұшағының апатқа ұшырауына байланысты үш күндік қаралы күн жарияланды, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
«Алжир президенті Әбдел Әзиз Бутефлика «Air Algerie» әуе компаниясының ұшағының құлауына байланысты елде үш күндік қаралы күн жариялады, апат салдарынан әртүрлі деректер бойынша 116-дан 119-ға дейін адам қаза тапқан», - делінген хабарламада.
Алжирдің СІМ басшысы Рамтан Ламамраның айтуынша, «құлаған ұшақтың техникалық ақаулары болмаған». Ол алжирлік билік қайғылы оқиғаның мән-жайын тергеу мәселесі бойынша Мали өкілдерімен тұрақты байланыста екендігін мәлімдеді. Р.Ламамра сондай-ақ Мали солтүстігінде әрекет етуші қарулы топ көмек көрсетіп жатқанын, атап айтқанда, олар ұшақтың құлаған орны туралы уақтылы ақпарат бергенін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, 24 шілдеде Буркина-Фасо астанасы Уагадугуден Алжирге бағыт алған McDonnell 83 ұшағымен байланыс жоғалып кеткен. AH5017 рейсін ұшақты испандық Swiftair-ден жалға алған Air Algerie компаниясы жүзеге асырған. Лайнермен байланыс ол Уагдугуден ұшып кеткеннен кейін 50 минуттан соң үзілген. Ұшақ бортында 116 адам, олардың ішінде 15 елдің азаматы болған, көпшілігі - француздар. Барлығы қаза тапты деп болжануда.