Амал келді – жыл келді: Атырауда көрісу күні қалай тойланды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көрісу күніне орай «Амал келді – жыл келді» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні.
Осыған орай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Амал келді – жыл келді» атты іс-шарамен бірге жылжымалы сахнада концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Аталған іс-шара облыстық тарихи-өлкетану мұражайында басталды. Оған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл салт – халқымыздың ұлыс болып ұйысуының жарқын көрінісі іспетті. Ата-бабаларымыз ертеден дәл осы күні бір-бірімен қуана қауышып, амандық-саулық сұрасып, ізгі тілектерін арнаған. Ұлы Абайша айтқанда, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болған. Ұлық дәстүр ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы», -деді іс-шараға қатысушыларды өқттықтаған Махамбет Досмұхамбетов.
«Амал келді – жыл келді» атты жылжымалы концерт қаланың көшелерінде, теміржол вокзалы мен Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежайда жалғасты. Абай орталығында концерттік бағдарлама ұсынылды.
«Биыл тұрғындарды бір жерге шоғырландырмау үшін сақтық шараларына назар аударылып, жылжымалы сахна ұйымдастырылды. Әртүрлі концерттік бағдарламалар көрсетіліп, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттағымыз келді», -дейді облыстық шығармашылық орталығы басшысының орынбасары Хамит Қамалұлы.










