Аман-есен оралады деген үміт бар - жоғалған альпинистің әйелі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жоғалған альпинист Мұрат Өтепбаевтың жұбайы Шахаризада Шахбутова құтқарушылар тобына алғыс білдіріп, альпинистердің аман оралуына үмітті екенін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауарайының қолайсыздығына қарамастан, іздестіру жұмыстары толықтай жүргізілді. Өзімнің және отбасымның атынан екі елдің мемлекеттік ұйымдарына алғысымды білдіргім келеді. Көмек көрсеткен адамдардың барлығына рахмет айтамын.Ұшқыштарға, альпинистерге, консулға, әсіресе құтқарушылар тобына алғысым шексіз. Жігіттер күндіз-түні жұмыс істеді. Ұйықтамады. Олар қолдан келгеннің бәрін жасады. Біздің жігіттер аман-есен оралады деп сенеміз, үмітімізді үзбейміз»,- деді Мұрат Өтепбаевтың әйелі бүгін арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында.

Жоғалып кеткен альпинистерді іздестіру операциясы туралы құтқару тобының мүшесі, ҚР Қарулы Күштерінің аға лейтенанты Василий Пивцов айтып берді.

«18 тамыз күні сағат 23:00-де командалық топ жиналды. Біз мұнда Армия орталық спорт клубынан келдік. 19 тамызда таңертеңгі сағат 04:00-де Бұрындай әуежайына жеттік. Ол жерден сағат 13:00-де ұшып шықтық. Содан кейін Хан Тәңірі альпинистік лагері аумағына келдік. Келесі күні, 20 тамызда, таңертеңгі сағат 9.00-де Каркара - Оңтүстік Ирымчек бағыты бойынша ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің тікұшағымен іздедік. Қайғылы оқиға болған жердің айналасындағы рейс, трагедияның болжанған жерінен 8 рет айналып өттік. Тірі адамдар байқалмады. Тепловизорды қолдандық, бірақ нәтиже болмады. 21 тамызда «Жеңіс» шыңы аумағында қолайсыз ауа райы болды, ұшуға рұқсат берілмеді. Күн райының жақсаруын күттік. 22 тамызда да рейс жасалды. Жалпы, «Жеңіс» шыңын 14 рет айнала ұшып өттік. Нәтиже жоқ. Қазіргі уақытта көшкін қаупі жоғары, бұл жаяу іздеу жұмысына қауіпті. Бүгін, 23 тамызда іздеу жұмыстарын жүргізген команда Алматыға келді»,-деді Василий Пивцов.

Өз кезегінде, ҚР Қарулы Күштерінің капитаны, атақты альпинист Мақсұт Жұмаева дабыл қағылған күні құтқару тобының басқа мүшесі, ҚР ҚК-нің майоры Аманжол Рахметовпен бірге әскери ойындардан Алматыға оралғанын айтты.

«Майор Рахметов екеуміз армия ойындарынан таңғы сағат 3-те келдік. Бірге 5-6 мың метрге шықтық. Негізінде бізде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жеткілікті акклиматизация болды», - деді Мақсұт Жұмаев.

Ал Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының бас хатшысы Қазбек Валиев, «Жеңіс» шыңындағы рейстер санын, ауарайы мен өрмелеу жағдайларын, ұшуды ұйымдастыру мен басқаруды бақылаған.

«Жоғалған альпинистер, тәжірибе мен физикалық тұрғыдан алғанда, өте мықты спортшылар болды. Биыл тауға қар қалың түсті. Қиын болды. 13 тамызда ауарайы нашарлап кетті.13-17 тамыз аралығында күні бойы қатты қар жауды. Ең жоғары нүктедегі топ қолайсыз жағдайға тап болды. Жігіттермен байланыс 18 тамыз күні таңғы сағат 8-9-дан бастап үзілді»,- деп атап өтті Қазбек Валиев.

Бұғанға дейін, Қырғызстанның Тянь-Шань тауларында жоғалып кеткен қазақстандық альпинистерді іздестіру жұмыстары тоқтатылғаны туралы ҚР Қорғаныс министрлігі ақпарат және коммуникациялар департаментінің басшысы Данияр Айжанов айтқан болатын.

Еске салсақ, алматылық альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Қырғыз тауларында жоғалып кетті. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев альпинистер тобының із-түзсіз кетуіне қатысты Instagram парақшасында алаңдаушылық білдірді. Кейінірек құзға өрмелеушілердің бірінің қызы әлеуметтік желі арқылы қалың көпшіліктен көмек сұрады. Көп ұзамай ҚР Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастағанын мәлім етті.Құтқарушылар тобына әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаев жетекшілік етуде.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2019 жылдың 17 тамызында Бішкектегі қазақстандық консулдыққа Қазақстанның 3 альпинисі Тянь-Шань тауының (Қырғызстан, Ыстықкөл облысы) Жеңіс шыңында жоғалып кеткендігі туралы ақпарат түсті. Қазақстан азаматтары Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулиннің 4 тамыз күні Жеңіс шыңына сапарлап шыққандығы анықталды. Олардың барлығы да кәсіби және тәжірибелі альпинистер. 14 тамызда олар аталған шыңды бағындырған. Сол күні ауа райы нашарлап кеткен.

Альпинистер 15 тамыз күні шамамен сағат 08.15-те соңғы рет байланысқа шығып, орын алған жайтқа қатысты дабыл қаққан. Сондай-ақ, олар А.Чечулиннің қаза тапқандығын естірткен. Альпинистер дабыл қаққан сәтте олар 6 900 метр биіктікте болған. Шатырлары мен жабдықтарын жел ұшырып кеткен. Олар қардан шұңқыр қазып, соған жасырынғандықтарын айтқан.

Соңғы жаңалықтар