«AMANAT» партиясынан қоғам өкілдері қандай үміт күтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2 наурызда «AMANAT» партиясы қайта тіркеуден өтті. ҚазАқпарат «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының талаптарына сай жаңғыруға бет алған партияға сарапшылар мен қоғам өкілдері қандай үміт артып отырғаны туралы шолу ұсынады.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Индира Рыстина партияның кезектен тыс съезі өтіп жатқан кезде-ақ «AMANAT» партиясы атына заты сай ұйым болу керек деген ой айтқан болатын .

Сарапшының пайымы бойынша, саяси алаңның бүгінгі күнгі ең басты критериі – заман талабына сай қоғам талаптарын ескеру.
Сондай-ақ, ол партияның жиынында халық үнін билік инстиуттарына жеткізу қызметін бірінші кезектегі басым бағыты етіп белгілегенін атады. Сарапшының ойынша, аталған міндетті іске асыру үшін мынадай тетіктер қолданылуы керек:
кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру,
партиялық қабылдау алаңдарының шет аймақтарға шығуы,
қоғамдағы ахуалды бағалау үшін құрылған «Әлеумет» жобасы,
азаматтардың өз ұсыныстарын онлайн форматта бақылай алуына мүмкнідік туғызу.
«Партияның аудиториясы кең, мүшелері көп, электораты бар. Партия осы аудиторияның ойын жинап, мәселелерді саралап, өкілетті каналдары арқылы шешуге бағытталған жұмысты тұрақты негізге қоятын болса, қоғамдағы көптеген қызуы жоғары нүктелерді азайта алады», - деді Индира Рыстина.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Никита Шаталовтың пайымынша, партияның сайлаушылармен арадағы қарым-қатынасы пікірсайыс арқылы өтуі керек.

«Партия мүшелеріне - сайлау арқылы Мәжіліске, мәслихаттарға өткендерге сайлаушылармен тікелей тілдесу керек. Екі арадағы қарым-қатынас пікірсайыс арқылы өтуі қажет. Яғни, мұндай транспаренттілікті, депутаттардың немесе бастауыш партия ұйымдары басшыларының рейтингілері арқылы енгізуге болады. Бұл партияның жұмысын одан да айқын етеді. Саясаттың қалыпты ережелеріне сәйкес әрекет етудің, адамдармен, журналистермен, қоғам өкілдерімен сөйлесуден қорықпаудың қажеттілігі туындап отыр. Ең маңыздысы, Қазақстан саясатына жариялылық оралады», - дейді сарапшы.
Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев билік партиясы елде жүйелі саяси трансформация жүріп жатқан шақта, олигархтардың экономикасы құлдырап жатқан кезеңде жаңа бағдарды айқындауы заңдылық деп есептейді.

«Бүгін партияның атауы ғана өзгерген жоқ, ең бастысы, оның мәні мен жұмысының мазмұны да өзгермек. Әйтпесе, басқаша болмайды! Біз елімізде жүйелі саяси трансформация жүріп жатқанын, олигархтардың экономикасы құлдырап жатқанын түсінуіміз қажет. Ең бастысы, біз халықтың өзі мемлекеттік биліктің қайнар көзіне айналатын әділ демократиялық қоғам құруға бет аламыз», - деді сенатор.

«AMANAT» сапындағы мамандар да жаңа бағдарды жаңартылған құраммен іске асыру жеңілірек болатынын айтып отыр. Атап айтсақ, «AMANAT» партиясының Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, депутат Аманжол Жазықбаев сондай пікірде.

«Партия Төрағасының қойған міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін жауапкершілік пен талапқа сай кадрлар қажет. Осылайша, ұйым жергілікті жерлерде партия қатарын нығайту жұмысына кіріседі. Ресми деректерге сүйенсек, «Nur Otan» партиясының негізін құрайтын 4,5 мыңнан астам бастауыш партия ұйымы (БПҰ) бар. Партия мүшелерінің біліктілігін арттыру, БПҰ жетекшілерінің рейтингін енгізу және партия жарнасының 20 пайызын қайтару арқылы БПҰ-ны нығайту жоспарлануда. Партия жанындағы Саяси менеджмент мектебі 3 мыңнан астам партия мүшесін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтары бойынша оқытатын болады. Жарнаның 20 пайызын қайтару туралы айтқанда, бұл қаржының партиялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатынын ерекше атап өткен жөн. Белгілі болғандай, партиялық жобалар бірінші кезекте аға ұрпақты, жастарды және көмекке мұқтаж адамдарды қамтиды. БПҰ-ның жұмысы кеңейіп, тиімді құралдары арқылы жүзеге асырылады»,- деді Аманжол Жазықбаев.

Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы Өмірәлі Жалаири «AMANAT» өкілдері әуелі кімнің аманатын орындайтындарын түсініп алуы керек екенін айтты.

«Қазір депутатымыз да, басқамыз да бүкіл жұмысты қағаз жүзінде істейтін болып алдық. Ал елдің ішіне барып, нақты проблеманы бетпе-бет зерттеу өте сирек кездеседі. Мысалы өзі шыққан ауылда интернет жоқ дейік. Депутат сондай проблеманың бар екенін бірінші өз аяғымен барып, көз жеткізуі керек. Содан кейін проблема шешілгенше елді мекендерді интернетпен қамтуға жауапты «Қазақтелеком» сияқты монополистердің табалдырығын тоздыруы керек. Мәслихат депутатттары да жергілікті әкімдердің шешімдерін бірауыздан мақұлдау үшін құрылған институт болып кетті. Жалпы олардың құзыретін көтеру керек. Яғни, «Amanat» өкілдері әуелі кімнің аманатын орындайтындарын түсініп алуы керек. Қазір олар әкімдерге тым кіріптар. Негізі мәслихат әкімдерден есеп алып отыруы керек. Ал бізде керісінше. Ол кіріптарлықтан құтқару үшін Мәжілістің де, мәслихаттардың да 50 пайыз құрамы мажоритарлық жүйемен сайлануы керек. Әйтпесе жергілікті әкімдер өңшең бас шұлғып, мақұлдағыш адамдарды іріктеп, бас көтерер белсенділердің бәрін партияның маңайына жолатпайды. Тіпті праймериздің өзі көп жерде осындай қағидатпен өткенін уақыт көрсетіп отыр», - дейді заң ғылымдарының докторы.

Мәдениет саласының өкілдері де «AMANAT» партиясының айналасындағы өзгерістерге сергек қарап отыр.


Саяси партия атауының өзгеруі - халық үніне құлақ асатын мемлекеттің қалыптасқанын білдіреді. Мұндай пікірді Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Айболат Жәудір айтқан болатын.

Оның айтуынша, партия халыққа жақын болуы тиіс. «Партия халыққа жақын болуы керек. Өйткені, олардың мұң-мұқтажы, өтініш-тілегі бар. Мемлекет -халыққа қызмет жасайтын құрылым. Халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғары дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Осы тұрғыдан алғанда бұл жаңашылдық қажет-ақ»,- деді театр директоры. Сонымен қатар, ол партия қатарында жастар көбірек болуы керек екенін тілге тиек етті. «Жаңа атауға ие болған «Amanat» саяси партиясының құрамында жастар көп болғаны абзал. Бүгінгі күні белгіленген басымдықтарға жастар да атсалысуы керек. Біріншіден, олар тәжірибе жинақтайды, екіншіден, алға қойған мақсаттар нәтижелі болады, үшіншіден, елдің дамуына үлес қосады деп есептеймін»,- дейді өнер өкілі.
«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт« мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы да осы мәселе бойынша пікір білдірді.

«Енді оның жұмыс істеу тәсілдері жаңғырады, демек партия мен халықтың өзара бірлігі күшейе түседі. Алдағы уақытта партия мүшелері осы міндетті орындауға белсене кіріседі деп ойлаймын. Президент айтқандай, «Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек». Сондықтан біз де партияның алған бағытын қолдап, ұйымщылдық танытсақ, еліміздің ырыс-берекесі арта түседі», - деді әнші.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің бұрынғы мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаевтың ойынша, Президент ұсынатын саяси бағыт «AMANAT»-тың екінші тынысын ашады.

«Партия құрамы қазіргіден де жаңарады деп үміттенеміз. Онсыз да осының алдындағы съезде айтарлықтай жаңарғанын білеміз. Партия органының басқару құрамына басқа адамдар кірді дегендей. Бұрынғылардың бір бөлігі құрамнан шығарылды да. Осы тұрғыдан алсақ, қандай да бір қозғалыстың бар екені жақсы. Оның ішінде кадрлық тұрғыдан да, партия саясаты тұрғысынан да қозғалыс бар деп айта аламыз», - дейді ғалым. Заңгер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурызда жариялайтын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы «Amanat»-тың екінші тынысын ашады деп отыр. «Енді не болады десек, бұл Президенттің наурыз айының ортасында елдің саяси даму жолы туралы не айтатынына байланысты. Мемлекет басшысы ретінде елдің саяси дамуын қалай көретініне, көзқарасы қалай болатынына көп дүние байланысты. Осы мәселеге жауап алған кезде патияның қалай жылжитыны туралы нақтырақ болжам айтуға болады. Әзірге Президент осы партияның басшысы болғандықтан, «Amanat» партиясының алға жасайтын қадамы да сол кезде айтылатын мәселелерге негізделеді деп ойлаймын. Президент осы жолы жаңа саяси ұсыныстар айтады деп топшылап отырмын. Партия осы реформалар аясындағы нұсқаулармен, шешімдермен қаруланып, екінші тынысы ашылады деп ойлаймын», - деді сарапшы.