Амандық Баталов облыс тұрғындарын «Nur Otan» праймеризіне белсенді қатысуға шақырды
« Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Елімізде биылғы жылдың 17 тамызынан «Nur Otan» партиясының праймеризі бастау алды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша – партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік праймериз өтеді.
Праймериз партия белсенділерін ашық таңдау арқылы Парламент Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде нақты және мықты көшбасшыларды анықтау мақсатында өткізіліп отыр», - деді Алматы облысының әкімі.
Праймеризге өтініш білдірген үміткерлерді тіркеу 17 - 28 тамыз аралығында жүргізіледі. Одан кейін, 7 қыркүйектен 3 қазанға дейін кандидаттардың үгіт жұмыстары өткізіледі. Сонымен қатар 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған.
«Өкінішке қарай, бүгінгі таңда коронавирус пандемиясы өміріміздің барлық саласына әсер етуде. Бұл ішкі саяси процестерді де осыған бейімдеуді талап етеді. Өйткені азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін қорғау баршамыз үшін де негізгі басымдық саналады. Осыған орай, партияішілік сайлауда онлайн-форматта дауыс беру механизмі қалыптастырылды. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өткізілмек», - деп түсіндірді А.Баталов.
Үміткерлер праймеризге қатысу үшін primaries.kz сайты немесе өз тұрғылықты мекенжайы бойынша аумақтық партия филиалында ақпарат ала алады.
«Жалпы, өңірімізде 93 мыңға жуық партия мүшесі бар. Оның 70% жуығын әйелдер, 15% жуығын белсенді жастар құрап отыр. Соған сәйкес Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарда осы азаматтар арасынан жастар 20%, әйелдер қауымы 30% болуына мүмкіндік жасалып отыр. Ендігі кезек жетісулық азаматтардың саяси белсенділігі мен көшбасшылық қасиеттерін көрсете білуінде.
Праймериздің қорытынды кезеңінде - 1-3 қазан аралығында жетісулық нұротандықтар мобильдік қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс бере алады. Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында дауыс беру учаскелері ашылады. Интернет байланысы қиындық тудырған елді мекен тұрғындары дауыс беру учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады.
Егерде ел дамуы жолында оң өзгерістерге қадам басқыңыз келсе, Сізді жарқын болашақ үшін партиялық праймеризге қатысуға шақырамын», - деп түйіндеді Алматы облысының әкімі,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы А.Баталов