Амандық Баталов Универсиада алауын Карина Горичеваға табыстады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада-2017 Алау эстафетасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Талдықорғанда облыс әкімі Амандық Баталов эстафета алауын қабылдап, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичеваға табыс етті. Жастар саябағынан басталған шарада 60 адам Универсиада Алауын ұстап жүру құрметіне ие болды. Олардың қатарында спорттық додаларда ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкке желбіретіп жүрген жандар да бар. Атап айтсақ, Халықаралық жарыстардың жеңімпазы, боксшы Жәнібек Әлімханұлы, Рио Олимпиадасының ауыр атлетикадан "қола" жүлдегері Карина Горичева және Риода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева алаугерлер болады.
Сондай-ақ, Алау эстафетасының маңызды миссиясы "Көшбасшы-2016" байқауының он жеңімпазына тапсырылып отыр. Олардың арасында "ҚазАқпарат" ХАА-ның Алматы облысындағы меншікті тілшісі Самал Қабышева бар.
Эстафета Талдықорған қаласының Балапанов көшесінен басталып, Қонаев көшесінің бойында аяқталады. Аталған шараны 25 мыңнан аса көрермен тамашалауда. Ал əр алаугер 200 метр жерді жүріп өтеді.