Амангелді Күлімбетов: Балалар оториноларингологиясын дамыту – басты міндетіміз
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкерлері күніне орай денсаулық сақтау саласының үздіктерін марапаттады. Олардың қатарында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Амангелді Күлімбетов те бар.
Оториноларингология, аллергология және иммунология салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, отандық медицина ғылымы мен білім беру ісінің дамуына елеулі үлес қосқан жоғары санатты дәрігер «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ғалым бұл салаға жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған. Ол 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түсіп, студенттік кезінен-ақ ғылыми ізденіске ден қойған.
– Еңбек жолын бірінші қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесінен бастадым. Кейін Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі болып қызмет атқардым. 1987 жылы Мәскеудегі Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, балалардың құлақ, мұрын, тамақ ауруларын зерттеумен айналыстым, – дейді ғалым.
Профессор Амангелді Күлімбетов — отандық медицина ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар тұлға. Ол Қазақстанда балалар оториноларингологиясы (ЛОР) бағыты бойынша алғаш рет мемлекеттік тілде докторлық диссертация қорғаған ғалым. Сондай-ақ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанып, оқу орнының «Алтын қорына» енген.
Бүгінде тәжірибелі ұстазды алаңдататын басты мәселе — балаларға арналған ЛОР көмегінің клиникалық базаларын нығайту және жас мамандарды даярлау.
— Біздің кафедра 1934 жылы құрылған, ол — отандық медициналық жоғары оқу орындары арасындағы ең көне әрі жетекші орталықтардың бірі. Қазір мен балалар оториноларингологиясы бойынша кәсіби стандарттар мен резидентураның екі жылдық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысып жүрмін. Бұл салада ынталандыруды күшейтіп, жас мамандарға қолдау көрсету қажет, — деді ол.
Ғалым Ақордада алған жоғары марапатын бүкіл отандық денсаулық сақтау саласына көрсетілген құрмет деп санайды.
— Бүгінгі марапат — мен үшін зор мәртебе. Президент қолынан мұндай награданы алу кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейді. Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шетелдегі әріптестерімнен құттықтаулар келіп жатыр. Бұл марапат маған жаңа серпін берді. Алдағы уақытта да балалар денсаулығы үшін аянбай еңбек ете беремін, - деп түйіндеді Амангелді Күлімбетов.
Айта кетейік, бүгін елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкерлері күніне орай денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін марапаттады.