Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілі Шымкентте зауыт ұжымымен кездесті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының мүшелері «Таған» ЖШС асфальт зауыты ұжымымен кездесті. Бұл жөнінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыт еңбеккерлерімен өткен жиынға жалпы 40 адам қатысты.
Айта кетейік, құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын кәсіпорында 70 адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 офистік қызметкер, 5 учаске басшысы, 25 жол жұмысшысы, 23 механизатор мен жүргізуші, 2 қарауыл жұмыс істейді.
Жиында үміткердің сенімді өкілі Серік Әуесханов Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың өмірбаянымен, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, сайлауда әр азаматтың дауысы маңызды екенін жеткізді. Ол кандидат тұғырнамасында көрсетілген қарапайым жұмысшы мәртебесін көтеруге бағытталған ұсыныстарды ортаға салды. Лайықты жалақы төлеу, еңбек миграциясы, еңбек құқығы мәселелерін жан-жақты түсіндірді.