Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 35 мекеме «Кезексіз емхана» байқауының жеңімпаз болды - ҚР ДСМ
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - «Кезексіз емхана» байқауының қорытындысы бойынша амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 35 ұйым жеңімпаз болып танылды»,-деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 2011 жылдың 20 желтоқсанында «Кезексіз емхана» республикалық байқауын жариялаған болатын. Аталған іс-шара республика бойынша жедел және сапалы медициналық көмек көрсететін, кезектері жоқ және емхана қызметі ретке келтірілген ең үздік емхананы анықтауға бағытталды. Жеңіске жеткен ұйым өкілдері біліктілігін арттыру және бастапқы медициналық-санитарялық көмек ұйымдарының жұмыс тәжірибесімен танысу үшін шетелдерге жіберілетін болады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі байқауды әрі қарай жалғастыру жөнінде шешім қабылдады және оған емханалармен қатар дәрігерлік амбулаториялар да қатыса алады.