Америка супержанартаудың оянуынан ғаламшар тұрғындарының жартысынан көбі мерт болуы мүмкін деп қауіптенуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та таяудағы екі аптада Йеллоустон жанартауы атқылауы мүмкін. Жанартау маманы Хэнк Хесслер осындай болжам жасады, деп хабарлады Росбалт.
Жанартау Вайоминг, Монтана және Айдоха аумақтарын алып жатыр. Ғалымның айтуынша, жанартаудың атқылауы бүкіл әлемдегі жаһандық өзгерістерге әкеп соғуы мүмкін. Оның айналасындағы қорық пен радиусы 1 мың 600 шақырымдық аумақтағы тіршілік жер бетінен өшеді. Америка қалыңдығы отыз сантиметрден астам күл астында қалады. Сонымен бірге, орасан үлкен күл массасы ауаға тарап, бүкіл ғаламшарды жабады, бұл Жерде климаттың шұғыл өзгеруіне әкеп соғады, деп хабарлады Planet-today.
Жанартау оянуының қаупі туралы өткен жылдан бері айтылып келеді. Бұл алаңдаушылыққа жерасты дүмпулері негізгі себеп болды. Сәуір айында 60 рет жер дүмпуы болды, ал 30 наурызда таңертең ең күшті дүмпудің тербелісі 4,8 баллға жетті.
Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің климатология профессоры Геннадий Менжулин «Росбалтқа» берген түсіндірмесінде Йеллоустоун супержанартауы атқылауының бүкіл адамзатқа тигізетін залалын саясаткерлер мен экономистер жеткілікті бағаламай отыр, деп мәлімдеді. «Ауқымды атқылау кезінде көтерілген көлемі бір текше шақырымнан астам күл шығарындылары Жердегі температураны төмендетуге соқтырып қана қоймайтыны белгілі. Оның салдарынан бүкіл ғаламшардағы өсімдіктер фотосинтезі деңгейінің төмендеуі елеулі болмақ. Бұл төмендеу күн радиациясының қалыңдығын шамамен екі есе қысқартады, бұл жағдайда Жердегі фотосинтездің толық тоқталуы жөнінде айтуға болады. Бұған негізгі егіншілік аумақтарын бірнеше ондаған сантиметрге күл басатынын қосыңыз. Мұның барлығы бірге адамзат бірнеше жылдар бойы ауыл шаруашылығы дақылдарынан өнім ала алмайды дегенді білдіреді. Ал бүгінгі күні азық-түліктің әлемдік қоры бір айға ғана жетеді, азық-түліктің қорын ұзақ уақытқа жинау техникалық себептермен мүмкін емес. Сондықтан да жанартаудың атқылауы толықтай аштыққа және жер халқының басым бөлігінің мерт болуына соқтырады», - деп түйді профессор.