10:34, 21 Ақпан 2009 | GMT +5
Америка жастары есірткіден бас тартуда
НЬЮ-ЙОРК. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитеттің баяндамасы бойынша, 2001 жылдан бері 12 мен 17 жастың аралығындағы жас американдықтардың арасында нашақорлық проблемасы 24 пайызға төмендеген,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 18 бен 25 жастың аралығындағы жастардың арасында да тыйым салынған есірткілерді тұтыну көрсеткіші азайып отыр. Дейтұрғанмен, 17-18 жастағы американдық жасөспірімдердің жартысына жуығы орта мектепті бітіргенге дейін есірткінің дәмін татып көреді екен. Баяндама авторлары жастардың ауырсынуды басатын дәрілік препараттарға деген тәуелділіктерінің өсіп келе жатқанын айтып отыр. АҚШ-та ең көп тараған есірткі ? марихуана. 2007 жылы оны жастары 12-ден жоғары 25 миллионнан астам адам тұтынған.