Америкада екі бала телефонын алып қойғаны үшін анасына ренжіп, көлікпен үйден қашып кеткен

Флорида полициясы түнде тасжолда ұрланған көлікті тоқтатып, ішінен 11 жасар қыз бен оның 10 жасар інісін көріп аң-таң болды. Рульде сол 10 жасар бала болған. Кейін белгілі болғаны - балалар электронды құрылғыларын тартып алғаны үшін анасына ренжіп, үйінен қашып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC жаңалықтарына сілтеме жасап.
Алачуа округінің шериф кеңсесі хабарлағандай, бірнеше күн бұрын балалардың анасы ақ седан көлігі ұрланғанын айтып, полицияға жүгінген.
Сөйтіп таңғы сағат 4-те трассадан ұрланған көлікті көргенде бірден тоқтатқан.
«Қызық болғанда көліктен 10 жасар жүргізуші мен оның әпкесі түсті», — дейді полиция.
Осы уақыт ішінде олар Порт Норт қаласынан Алачуаға дейін 300 шақырымнан астам жолды жүріп өткен.
Белгілі болғандай, екі бала да электронды құрылғыларын тартып алғаны үшін анасына қатты ренжіген. Анасы шектен тыс көп қолданасыңдар деп ашуланған көрінеді.
«Дегенмен бұл балалар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болды немесе үйінде ата-анасы қорлық көрсетті деуге ешқандай негіз жоқ. Біздің детективтер анасымен ұзақ әңгімелесіп, балаларын тәрбиелеу үшін бар күш-жігерін салып жатқанын және бүкіл ұсыныстарды тыңдауға, ұсынылған барлық көмекті қабылдауға дайын екенін анықтады» делінген полиция мәлімдемесінде.
Полиция қашқын балаларды көлікпен бірге әйелге қайтарды.
Флоридада 15 жаста оқу жүргізуші куәлігін алуға болады, бірақ толық лицензия алу үшін 18 жасқа дейін күту керек.