Америкада ең танымал террорист Унабомбер қайтыс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ол Гарвардта білім алған вундеркинд еді. Отыздан асқанда бәрінен бас тартып, орманда елден жырақта өмір сүрді және террористік жолға түсті. Теодор Качински 81 жасында Солтүстік Каролина түрмесінде қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
None
Фото: John Youngbear/AP1996

Unabomber деген атпен белгілі Теодор Джон Качински 1996 жылы пошта арқылы жаппай бомба жіберді деген айыппен қамауға алынған.

Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Оның жіберген бомбасынан 3 адам көз жұмған, 20 шақты адам жарақат алды.

Качинский 20 жылға жуық полицияға ұстатпай, қашып жүрді. Кезінде ол іздеуде жүрген ең танымал, әккі қылмыскер саналған.

Ол мектепте математикаға жүйрік вундеркинд болды, 16 жасында Гарвард университетіне түсті.

Мичиган университетінде математика бойынша PhD дәрежесін алды. 25 жасында Беркли университетінде сабақ бере бастады, бірақ екі жылдан кейін жұмыстан кетті.

70-ші жылдардың басында ол Линкольнге (Монтана штаты) көшіп келіп, электр қуаты және суы жоқ лашықта тұрып жатты.

Көп ұзамай Качинский «өнеркәсіп пен құрылыс айналадағы жабайы табиғатты жойып жатқанына» ыза болып, бұлай тыныш өмір сүре алмайтынын түсінді.

Сөйтіп 1978 жылдан 1995 жылға дейін университеттер мен әуе компанияларына 16 бомба пакетін жіберді.

17 жылдан кейін ұсталуына қылмыскердің өзі себепші болды.

Ол Washington Post және New York Times газеттерінен «Өнеркәсіптік қоғам және оның болашағы» атты манифесін жариялауды талап еткен. Оған FBI мен АҚШ Бас прокуроры келісім берді.

Манифест жарияланғаннан кейін қылмыскердің ізіне түсу мүмкін болды.

FBI Качинскийге Unabom лақап атын пайдаланды (Unabom - университет және авиакомпанияларды бомбалаушы).

Кейінірек баспасөздің арқасында лақап ат Unabomber сөзіне айналды.

Качинскийдің адвокаттары өлім жазасына кеспес үшін оны ақыл-есі дұрыс емес деп ақтауға тырысты. Ал Качинскийдің өзі өзін жынды санаған жоқ.

Нәтижесінде Качинский есі дұрыс деп танылып, кінәсін мойындап, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар