Америкада ит басқарған жүк көлігі апатқа ұшырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Миннесота штатындағы Манкейто қаласында ит тізгіндеген жүк көлігі жол апатына ұшырады. Бұл туралы тілшілерге оқиға куәгері болған Мэри Брэйс айтып берген, деп хабарлайды 24.kz.
Куәгердің айтуынша, ішінде адамы жоқ жүк көлігі алдымен жеңіл машинаны сосын ағашты соққан. Одан кейін көліктің терезесінен ит көрінген. Әйел оқиғаны суретке түсіріп, Fox9 телеарнасына ұсынған.
Брэйстің әңгімесін полиция да растады. Олар жүк көлігінің жүргізушісі дүкенге кіріп, қозғалтқышты өшіруді ұмытып кеткен болуы керек деп отыр. Полицияның айтуынша, ит дін аман. Ал оның иесіне ешқандай айыппұл салынған жоқ.