Америкада оқитын қазақстандық RBK банкіндегі ақшасын ала алмай жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина «Bank RBK» АҚ-ның ахуалына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Парламен Сенатының отырысында сенатор банктегі ахуалға қатысты шетелде қиындық көріп жатқан адамдарды мысалға келтірді.
«Маған ұлы Америкада оқитын студенттің анасы хабарласты. Ол баласының оқуының төлемі үшін ақша аударған. Ақыры, студенттің анасы Қазақстандағы аталған банктің бас кеңсесіне баруға мәжбүр болған. Ал банкте оған лимит 50 мың теңгеден асып кеткендіктен, студенттің ақшаны шешіп ала алмайтынын айтқан. АҚШ-та қаражатты шешіп алуға шектеу болмаса да, студент ақшасын ала алмай отыр», - дейді Перепечина.
Бұл жағдайға қатысты ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов «Bank RBK» АҚ қиын жағдайда тұрғанын атап өтті.
«Егер банк өзінің клиенттерінің алдындағы міндеттемелерін орындамаса, оның ахуалы қиын екендігін білдіреді», - деді Ахметов.
Сонымен бірге, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары «Bank RBK» жағдайын ретке келтіру үшін қанша қаражат қажеттігі туралы сауалға да жауап берді.
«Қазіргі уақытта қанша қаражат керектігі туралы айта алмаймын. Ұлтты банк аталған қаржы ұйымының акционеріне мәселені нақты шешу жоспарын ұсынуды тапсырды. Қазір акционерден нақты ұсыныс күтіп отырмыз. Басқа ешқандай ақпарат жоқ. Несие берушілермен, акционерлермен келіссөздер жүріп жатыр. RBK банкінде заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектордың депозиттері бар. Сол себепті біріншіден акционермен, екінші жағынан ірі несие берушілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз», - дейді Ахметов.
Ахметов қазіргі уақытта акцинерден жауап күтіп отырғанын жеткізді.
«Мәселе бойынша ұсыныс түспей жатып шешімді қарастыра алмаймыз. Акционердің айрықша құқығы барын ескеруіміз керек. Егер оның банк жұмысын ретке келтіру бойынша жоспары болса, оған әлбетте көмек көрсетіледі. Ал егер акционердің мүмкіндігі болмаса, мәселенің жөні басқа», - дейді төрағаның орынбасары.