Америкалық ковбойлар ерекше балаларға атқа мінуді үйретті
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға Қазақстанға келген америкалық ковбойлар бір күнін ерекше балалармен бірге өткізді.
Ковбойлар Астана маңындағы «Қазақ үйі» шаруа қожалығында № 96 мектеп-гимназиясының инклюзивті білім алатын оқушыларымен кездесті.
Ковбойлар лассомен өнер көрсетіп, атқа міну дағдыларын үйретті, сөйтіп балаларға керемет көңіл-күй сыйлады.
Шара барысында Мәдина Қуандық жүннен жасалған өнімдерді таныстырып, шеберлік сағатын өткізіп, қазақ өнерін қонақтарға түсіндірді.
«Осындай мәдени алмасу мүмкіндігін ұсынған қожалық иесіне шексіз алғыс айтамыз» дейді Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшілігінен.
Еске сала кетейік, америкалық ковбойлар командасы 6 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға Қазақстанға келген еді.
Қазақтармен көкпар ойнап, 18:0 есебімен ұтылды.
Америкалық жазушы, журналист, көкпардан АҚШ құрамасының мүшесі Уилл Грант қазақстандық жылқылар туралы кітап жазатынын айтты.