Америкалық модуль Ай бетіне қонды
АСТАНА. KAZINFORM – Firefly Aerospace компаниясының америкалық Blue Ghost қону модулі Ай бетіне қонды. Тікелей трансляция АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасының (NASA) сайтында жүргізілді, деп хабарлайды ТАСС.

Blue Ghost қону модулі 15 қаңтарда Флорида штатындағы Джон Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан SpaceX компаниясының Falcon-9 зымыранымен ұшырылған болатын. Ай бетіне қонуы Мәскеу уақытымен 11:36-да жүзеге асты. Осылайша, Жерден Айға дейінгі сапар ғарыш аппараты үшін шамамен бір жарым айға созылды.
Салмағы 155 келіге дейінгі пайдалы жүктемені тасымалдауға қабілетті қону модулі Жердің серігіне NASA-ның 10 жүгін жеткізді. Бұл жүктер әртүрлі ғылыми эксперименттер жүргізу үшін қажет, соның ішінде Ай топырағын жинау және Айдағы магнит өрістерін зерттеу жоспарланған. Бұған қоса, модуль Жер магнитосферасының рентген суреттерін жасайды.
Модуль Ай бетінде шамамен екі апта жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.
Blue Ghost өткен жылдан бері Айға жеткен екінші америкалық қону аппараты болды. 2024 жылдың ақпанында Nova-C модулі Айға қонған еді, алайда қону кезінде болған техникалық ақаулардың салдарынан оның функционалдығы шектеліп, бар болғаны бір аптадай ғана жұмыс істеген.
Бұған дейін «Прогресс МС-30» кемесін алып ұшқан зымыранның Байқоңырдан сәтті ұшырылғаны хабарланған.