Америкалық басылым Ақтауды туристер үшін ең қызықты қалалардың тізіміне енгізді

«The Huffington Post» басылымы Қазақстандағы Ақтау, Алматы және Астана қалалары туристер үшін ең қызықты қалалар болып табылатындығын жазған. Басылымда көрсетілген мәліметтерге қарағанда, туристер бұл қалаларды әдетте өздерінің назарларына көп ала бермейді.
Материалда жарияланған мәліметтерге қарағанда, Ақтау Каспий теңізінің жағалауында орналасқан мұнай өнеркәсібі орталығы болуымен тартымды. Сонымен қатар аталмыш қала жергілікті тұрғындар үшін суға түсіп, шомылуға ең ыңғайлы аймақтардың бірі.
Бұған қоса хабарламада Алматының туристер үшін киім-кешек базарларымен, сауда орталықтарымен, әдемі мейрамханаларымен және архитектуралық нысандарының көптігімен тартымды екендігі айтылған.
Астана болса, туристерді өзінің ерекше әсем архитектуралық көркімен еріксіз тарта түседі.
Айта кетейік, Ақтау осыған дейін дағыстандық кәсіпкерлер дайындаған Махачкала - Дербент - Баку - Энзели - Түркменбасы - Ақтау - Астрахань - Махачкала бағыты бойынша өтетін «Каспий - достық теңізі» атты 9 күндік саяхаттың жобасына енгізілген болатын.