Америкалық компания ғарышқа ұшатын үш адамның есімін жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Америкалық Virgin Galactic компаниясы екінші туристік ғарыштық ұшуға аттанатын үш жолаушының есімін жариялады. Олар кәсіпкер және салауатты өмір салты бойынша жаттықтырушы Кейша Шахафф пен оның қызы Анастатия Майерс, сондай-ақ олимпиадашы Джон Гудвин, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.
«Мен екі жаста болғанда аспанға қарап, былай деп ойлаушы едім: «Ол жаққа қалай барсам болады? Бірақ мен осындай мүмкіндік болатынын түсінбедім. Ғарышқа Антигуадан бірінші болып бару ғарыштың қолжетімді екенін дәлелдейді», - деді Кейша Шахафф. Анасы мен қызы коммерциялық емес Space for Humanity ұйымы үшін 1,7 миллион доллар жинаған ұтыс ойынын жеңіп алды. Олар ғарышқа ұшатын Кариб теңізінің алғашқы тұрғындары болмақ.
18 жастағы Анастасия Майерс Шотландиядағы Абердин университетінің студенті, ол философия мен физика мамандығында оқып жатыр. 80 жастағы Джон Гудвин, 1972 жылы Мюнхендегі каноэде есу олимпиадасының қатысушысы, Паркинсон ауруымен ауырады.
«Маған 2014 жылы Паркинсон ауруы диагнозы қойылған кезде, ол менің толыққанды өмір сүруіме кедергі келтіруіне жол бермедім. Бұл [ғарышқа ұшу – ред.] қиындықтарға тап болған адамдарды шабыттандырады және қиындық арманға жетуге кедергі болмау керектігін көрсетеді», - деді ол.
Гудвин – Virgin Galactic-пен ғарышқа ұшу билеттерінің алғашқы иегерлерінің бірі. Virgin Galactic ғарышқа ұшуға 800-ге жуық билет сатты, оның 600-і 250 мың долларға және тағы екі жүзі 450 мың долларға сатылды.
Компанияның бас нұсқаушысы-астронавт Бет Мозес те бортта болады. Мозес Virgin Galactic-пен үш рет ғарышқа ұшқан және 2019 жылы коммерциялық ғарыш кемесінде жолаушы ретінде ғарышқа ұшқан алғашқы адам болды. Galactic 02 деген атауға ие ұшу 10 тамызға жоспарланған. Virgin Galactic алғашқы ғарыш ұшырылымы 29 маусымда өтті. Ол бір жарым сағатқа созылды. Бортта екі ұшқыш пен Virgin Galactic компаниясының астронавт-нұсқаушысынан бөлек үш италиялық ұшқыш офицерлер болды. Олар бірқатар ғылыми тәжірибе өткізді. Кеме ең жоғарғы ұшу нүктесіне жеткенде Италия Әскери-әуе күшінің 100 жылдығына орай ұлттық туын көтерді.
Бортта туристер болмаса да, бұл коммерциялық рейс еді. Себебі офицерлер үшін Италия қорғаныс министрлігі ақша төледі.