Америкалық компанияның басшысы акула шабуылынан мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Коста-Рика жағалауында акуланың шабуылынан әйел адам мерт болды. Ол АҚШ-тағы ірі қаржы компанияның директоры болып шықты, деп хабарлайды NY Daily News . 

Америкалық компанияның басшысы акула шабуылынан мерт болды

Жергілікті билік таратқан ақпараттарға қрағанда, WL Ross & Co. LLС инвестициялық фирмасының аға директоры Рохина Бхандари Тынық мұхитында акула тістеп алғаннан кейін қаза тапқан. Оның денесін достары таныған.

49 жастағы қаржыгер Кокос аралындағы ұлттық парктің акваториясында 17 сүңгігіштен құралған топпен бірге дайвингпен айналысқан. Жыртқыш оларға дайвингтен кейін судың бетінде шыққан кезде бас салған. Акула Бхандариді судан шығарып алғанға дейін бірнеше рет тістеп үлгерген. Туриске алғашқы көмек көрсеткен, алайда ол аяғынан ауыр жарақат алып, соның салдарынан көз жұмған. 

Шабуыл салдарынан нұсқаушы да зардап шеккен. Бірақ ол аман қалды.

Коста-Рика қоршаған орта, энергетика және телекоммуникациялар министрлігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға жағалаудан 530 шақырым қашықтықта Тынық мұхитында болған.

Айта кетейік, Кокос аралының ұлттық паркі ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар нысаны саналады және онда акулалардың көптеген түрі мекендейді.