Америкалық сенаторлар Ресейді футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығынан айыруды сұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық партия өкілдері, сенаторлар Марк Кирк (Иллинойс штаты) және Дэн Коутс (Индиана) Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Йозеф Блаттерге Ресейдің ұйымдағы мүшелігін тоқтатуға үндейтін хат жіберді. Сенаторлар мәлімдемесі Кирктің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлады РБК.
«Украинаға әскер енгізгені үшін ФИФА-ның кезектен тыс отырысын жеделдетіп өткізіп, онда ұйымдағы Ресей мүшелігін тоқтату туралы мәселені қарауды, Ресейді 2018 жылы әлем чемпионатын өткізу құқығынан айыруды және Ресей құрамасының 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына қатысу құқығынан айыруды сұраймыз», делінген хатта.
Сенаторлар ФИФА-ның мұндай шешімді бұдан бұрын қабылдағанын еске салды: ФИФА Югославияға 1992 жылы Еуропа чемпионатына, 1994 жылғы әлем чемпионатына қатысуға тыйым салған.
Футбол бойынша әлем чемпионаты 2014 жылғы 12 маусымнан 13 шілде аралығында Бразилияда өтеді. Ресей құрамасы Фабио Капеллоның басшылығымен бұл жарыста Бельгия, Алжир және Оңтүстік Кореямен бір топта бақ сынайды. Жалпы, ресейлік команда соңғы рет әлем чемпионатына 2002 жылы қатысқан. 2018 жылы әлем чемпионаты Ресейдің 11 қаласында өтпекші.