16:13, 10 Ақпан 2011 | GMT +5
Америкалық тергеушілер «Викиликстің» негізін салушыны сотқа тартуға нақты дәлел таба алмады
АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат - Америкалық тергеушілер «Викиликс» ұйымының негізін салушы Джулиан Ассанджды АҚШ мемлекеттік департаментінің құпия құжаттарын жария еткені үшін сотқа тартуға нақты дәлел таба алмады.
Бұл туралы «Уолл стрит джорнэл Юроп» газеті тергеу барысымен таныс ресми американдық дерек көздеріне сілтеме жасай отырып мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Қазіргі уақытта Ассандж Ұлыбританияда үйқамақта отыр. Ол Швецияға қайтарылуын шешетін сот тыңдалуын күтуде. Бұл елде оған әйел зорлауға қатысты күдік келтірілуде.
Федералды тергеу бюросының агенттері және АҚШ Әділет министрлігінің тергеушілері Ассанджға айып тағып, АҚШ-қа алдыру үшін дәлелдер іздеп жатыр. АҚШ билігі Ассанджға қарсы тыңшылыққа қатысы бар деген айып тақпай отыр, себебі бұл жағдайда оны Еуропадан алдыру мүмкін болмайды. Американдық заңнамада тыңшылыққа өлім жазасы белгіленген, ал еуропалық елдер өлім жазасы қолданылатын елдерге күдіктілерді бермейді.