«Америкалықтар қазақтың қазы-қартасына тамсанады»- республикалық басылымдарға шолу

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда Қазақстанда бизнес жүргізу жағдайындағы шарттар мен рұқсаттамалар жүйесін жеңілдету және Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Жаңа университеттің стратегиясы туралы мәселелер қаралды». «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Халықаралық стандарттарға сай стратегия» тақырыбымен берілген мақала аталмыш бас қосуға тоқталыпты.
«Егемен Қазақстан» Сыр өңірінде бұрынғыдан да көбірек тарайтын болды»,- деп жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Ел атауын алып, айдарын таққан» деген тақырыппен басылымның 90 жылдық торқалы тойы мен баспасөзге жазылу науқаны кезінде ел аралап, газет оқырмандарымен дидарласып, олармен ашық әңгімелесуді мақсат тұтқан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Президенті Сауытбек Абдрахмановтың сыр бойындағы іс-сапарына назар аударыпты.
Сондай-ақ осы басылымның «Тұлға» айдарынан орын алған Дүкенбай Досжанның «Философ» атты мақаласы белгілі журналист, философ Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев туралы сыр шертеді.
***
«Кеше Астанада біздің аймақтағы ең алғашқы METRO Cash and Carry әйгілі халықаралық көтерме сауда желісінің орталығы ашылды. Ашылу ресіміне дейін бірнеше сағат қалғанда, оны ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп көрді». 13 мың азық-түліктік және 12 мың азық-түліктік емес өнім түрі сатылатын әйгілі «Метро» жайлы толығырақ білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Астанада «Метро» ашылды» деген мақалаға назар аударыңыз.
«Назарбаевты татарлар өзінің туған бауырындай жақсы көреді», - деп жазды «Айқын» газетінің арнаулы тілшісі Мәскеуден берген хабарында. Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы, мүфти шейх Равиль Гайнутдин мырзамен кездескені туралы жазды.
Сондақ-ақ «Айқын» газетінің күнделікті «Ақ сөйле» айдары «Қазақ журналистикасы ұлттық партияның рөлін атқаруда» деген тақырыппен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қаринмен болған сұхбатын жариялады. Сұхбат қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітеді.
«Америкалықтар қазақтың қазы-қартасына тамсанады», - дейді АҚШ-тың Сиэтл қаласында тұратын қазақстандық суретші-гобеленші Ләйла Ахмет Осман. Шетелде тұратын қылқалам шеберімен ой бөліскіңіз келсе, аталмыш басылымның «Руханият» бетіндегі сұхбатқа назар аударыңыз.
***
Білім және ғылым министрлігі Астананың жаңа университетінің даму стратегиясын таныстырды, деп жазады «Казахстанская правда». Мемлекет басшысы Астанада жаңа зерттеу университетін құру жобасының маңызын жоғары бағалады. Заманауи ғылыми орталықтың пайда болуын көздейтін бұл стратегия кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығыымен өткен Үкімет отырысында таныстырылды. Аталмыш жоғары оқу орнының ресми ашылуы келесі жылы - Қазақстанның бас қаласының туған күніне жоспарланып отыр.
***
ҚР Үкіметі экспорт пен импортты лицензиялау бойынша 348 рұқсат ету процедурасын алып тастауды ұсынып отыр. «Литер» басылымының жазуынша, Үкімет осы арқылы отандық кәсіпкерлердің өмірін жеңілдетіп, инвестициялық тартымдылықты көтеруді және мейілінше қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыруды көздеп отыр.