Американың Қазақстандағы Елшісі АҚШ Президенті Б.Обаманың Астана Саммитіне қатыспайтындығын қуаттады

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд АҚШ Президенті Барак Обама Астанадағы ЕҚЫҰ саммитіне қатыспайтындығын қуаттады.

Американың Қазақстандағы Елшісі АҚШ Президенті Б.Обаманың Астана Саммитіне қатыспайтындығын  қуаттады

Р.Хоугланд бүгін журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, АҚШ Президенті Барак Обама 1,2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне қатыспайтындығын растап, американдықтардың ресми делегациясын Қазақстанның бас қаласына Мемлекеттік хатшы Хилари Клинтон бастап келетіндігін мәлім етті.

«Оған мемлекеттік хатшының орынбасарлары, Американың мемлекеттік құрылымдарының, Конгресс мүшелері мен мемлекеттік органдардың сарапшылары мен мамандары, барлығы 200-ге тарта ресми тұлға ілесіп келеді. Мен мұны саммитке қатысудан бас тарту деп айтпас едім. Бұл жұмыс кестесімен байланысты. Президент Б.Обама мен Президент Н.Назарбаев өзара тығыз байланыстарды қолдап отырғанына сендіргім келеді», - деді Елші.