Амир Хан: Канело Головкиннен қашып жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британдық боксшы Амир Хан Behind the Gloves басылымына берген сұхбатында мексикалық Сауль Альварес «Канелоның» (48-1-1, 34 КО) қазақстандық Геннадий Головкинмен емес (36-0, 33 КО), өзінің отандасы кіші Хулио Сесар Чавеспен (50-2-1, 32 КО) жекпе-жекке шығу туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, деп жазды Sports.kz.
- Канело - Чавес? Канело өзінің табиғи салмағында, 160 фунтта жұдырықтасуы керек. Және бұл салмақта Канело Головкинмен кездесуі тиіс. Ол қазір Головкиннен қашып жүр. Өзіне қарсылас ретінде Чавесті таңдап, жұртты ақымақ етіп жүр, - деп мәлімдеді Хан.
Канело - Чавес айқасы 6 мамыр күні Лас-Вегаста өтеді. Канело мен Головкин арасындағы болуы ықтимал кездесу қыркүйек айына жоспарланған.