Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың XI Республикалық байқауы өтеді

Осы киелі мұраны кеңінен, тереңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі орындаушылардың XI байқауын өткізеді.
Байқау 2013 жылдың 2-5 мамыры аралығында Өскемен қаласында өткізіледі. Конкурсқа Қазақстан Республикасында және алыс-жақын шет елдерде тұратын 18 мен 40 жас аралығындағы халық және қазіргі заманғы композиторлар әндерін домбыра, қылқобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын кәсіби өнерпаздар қатыса алады. Осының алдындағы өткен конкурстардың жүлделі орындарына ие болған жеңімпаздар аталмыш конкурсқа қатыса алмайды.
Үш кезеңнен тұратын байқау көрермендер алдында өтеді. Конкурсқа қатысушылар әр кезеңде үш шығарманы жатқа орындайды, сондай-ақ алдын ала көрсеткен шығармаларының тізімін өзгерте алмайды. Конкурсқа қатысушылардың өтініштері конкурстың басталуына 15 күн қалғанға дейін қабылданады.