Әміржан Қосанов exit poll нәтижелеріне пікір білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентігіне кандидат Әміржан Қосанов exit poll нәтижелеріне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің бірден айтарым, бұл сайлау біз үшін үлкен жетістік болды. Өйткені еліміздің жаңа тарихында қазақстандық оппозиция бірлескен күштерсіз, жеке саяси партиясыз салмақты саяси деңгейге көтеріліп, Парламент сайлауларындағы екі саяси партияның жеңісі үшін қажет болатын процентті көрсетіп отыр», - деді Әміржан Қосанов.
Оның айтуынша, бұл өте маңызды мәлімдеме.
«Мен кандидатурамды қолдап дауыс берген барлық сайлаушыларға, сайлау кампанияларға алғыс білдіремін. Менің бағдарламам қалай қолдау тапқандығын мен көрдім және осы электорат, осы қолдау, осы цифр бізге билікпен түрлі бағыттарда диалог орнатуға және біз айтып отырған демократиялық құндылықтарды дамытуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Президентіне үміткер.
«Әрине, егерде мен біріккен оппозицияның атынан кандидат болсам, артымда бэкграунды бар тәжірибелі жеке саяси партия тұрған болса, нәтижелерім бұдан да жоғары болушы ма еді. Соның ішінде, менің нәтижеме шетелде жүрген, демократиялық лагерь бойынша біздің кейбір әріптестеріміз жариялаған дүрлікпе бойкот кері әсерін тигізді. Бұл да жалпы қорытындыма кедергі келтірді», - деді Әміржан Қосанов.
Бұл ретте ол қазақстандықтардың қалай дауыс беріп жатқанын көргенін айтты.
«Өзім дауыс беруге барған сайлау учаскеде және телеэкраннан да билік транзиті не дегенмен, халықтың қатысуымен, оның пікірі ескеріле отырып өтетінін көрдім. Менің ұсынған бағдарламалық мақсаттарым Қазақстанның келешек моделін қалыптастыру кезінде ескеріледі деген ойдамын», - деді ҚР Президенттігіне кандидат.
«Айтқым келетіні, бүгін дауыс беру кезінде Президент Тоқаевты еститін боламыз. Ол қоғаммен диалог жүргізуге, өзгеше көзқарасқа, әсіресе жастар тарапынан альтернативті пікірге төзімділікке ниетін кезекті мәрте қуаттады. Сол себепті, мен де оны бүгінгі жеңісімен құттықтағым келеді. Және қоғам мен билік арасында диалогтың қажеттігі жөніндегі оның сөздері бос сөз болып қалмай, іске асырылады деп ойлаймын.
Сондай-ақ біз, оппозиция ретінде, демократиялық күш ретінде осындай бірлескен күреске бағытталатын боламыз», - деп түйіндеді ол.