Әміржан Қосанов штабының белсенділері елордадағы орталық базарда үгіт жүргізді
Акцияға 15-ке жуық адам қолдау көрсетті. Студенттер, белсенді жастар базардағы жүздеген тұрғын мен астана қонақтары, сатып алушылар мен сатушылар арасында үгіт-насихат жасады. Қатысушылар үнпарақтар, науқандық материалдарды таратып, халық сұрақтарына сай түсіндірме жұмысын жүргізді, тұрғындармен суретке түсті.
Адамдар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының бағыттарына қызығушылық танытты. Олар сондай-ақ халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Ал қаладағы Әуезов пен Мәскеу көшелерінің қиылысындағы аллеяда жастар флеш-моб өткізді. Ақ жейде киген волонтерлер «Таңдау - Қосанов» деген акция ұйымдастырса, кандидатты қолдаушы жастар үгіт-насихат материалдарын, парақшалар таратты. Кандидаттың позициясын түсіндіріп, сайлауалды ұрандарымен ән шырқады. Демалушы тұрғындар жиі-жиі үміткердің сайлау тұғырнамасының негізгі ұстанымдарын сұрастырып, қызығушылық танытты және жастардың белсенділігін атап өтті.
Атап өтейік, бұл үміткерді қолдаушы жастардың азаматтық белсенділігінің соңғы көрінісі емес, іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүріп жатыр.