Әмір Маймұратов Азия Олимпиадалық кеңесі Спортшылар комиссиясының мүшесі болып сайланды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық спорттық құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов Аичи-Нагоя-2026 XX жазғы Азия ойындары аясында өткен дауыс беру қорытындысы бойынша Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) Спортшылар комиссиясының құрамына кірді.

Әмір Маймұратов
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Ұлттық олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әмір Маймұратов комиссияда Орталық Азияның атынан өкілдік етеді. Бұл орынға Иран спортшысы Ариан Салими мен Өзбекстан өкілі Жасурбек Жайсунов та үміткер болды. Сондай-ақ Спортшылар комиссиясының құрамына Шығыс Азия атынан Наото Тобэ, Батыс Азия атынан Риим әл-Шаршани, ал Оңтүстік-Шығыс Азия атынан Таньялак Чотфибунсин кірді.

Әмір Маймұратов 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысып, «жылдамдық» дисциплинасында бесінші орынға ие болды. Сондай-ақ оның еншісінде Әлем кубогы кезеңдері мен Азия чемпионатындағы жүлделі орындар бар. Дауыс беру 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтті. Оған тек Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарына қатысқан спортшылар ғана дауыс бере алды. Әр спортшы әр аймақтан бір үміткерге дауыс беруге құқығы болды.

Айта кетейік, АОК Спортшылар комиссиясы спортшылардың мүддесін қорғап, олардың ұйым қабылдайтын шешімдерге қатысуына мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері спортшылар мен АОК басшылығы арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, жарыстарды ұйымдастыру, допингке қарсы саясат, медициналық көмек және логистика мәселелеріне қатысты атлеттердің пікірін жеткізеді.

Айта кетейік, осыған дейін Әмір Маймұратов құзға өрмелеуден Олимпиада рекордын жаңартқан болатын.