ӘМСҚ елорда филиалына І жартыжылдықта тұрғындардан 76 мыңнан астам өтініш түскен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 байланыс орталығына Нұр-Сұлтан қаласынан 2021 жылдың 1 қаңтары мен 1 шілдесі аралығында медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша 76 520 өтініш тіркелген.

ӘМСҚ елорда филиалына І жартыжылдықта тұрғындардан 76 мыңнан астам өтініш түскен

«Олардың бәрін халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің мамандары қарастырды», - деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 1165 шағым (2020 жылы осы аралықта – 467 шағым) тіркелген, олардың бәрін халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің мамандары қарады.

Айта кету керек, өткен жылмен салыстырғанда, коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылар саны артқан кезде Қордың қызмет жеткізуші – медицина ұйымдарында жоспарлы көмектің сапасы мен қолжетімділігі бойынша тұрғындар тарапынан түскен шағым 40,1%-ға көбейген.

«Медицина ұйымдары өз іштеріндегі пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметтерінің жұмысын жолға қоюы, тіркелген тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, олардың шешімін табуына мүдделі болуы тиіс. Бүгінгі таңда пациенттер өз медициналық ұйымдарында тиісті көңіл бөлінбегендіктен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына жүгініп, өз құқықтарын қорғауға, мәселелерін шешу жолдарын Қор арқылы іздеуге мәжбүр. Егер медицина ұйымының қызметіне қанағаттанбасаңыз, пациент ретінде өз құқығыңызды қорғау үшін қайда жүгіну керектігін еске салғымыз келеді», - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Ең алдымен тұрған жеріңіз бойынша тіркелген медицина ұйымындағы Пациентті қолдау және ішкі сараптау қызметіне жүгіну керек. Ол медициналық қызметті, олардың толықтығын және стандарттарға сәйкестігін бақылау үшін құрылған. Бұл қызмет медицина ұйымының медициналық көмек көрсетуі мен клиникалық қызметіне ішкі талдау жүргізеді, медициналық қызмет көрсету стандарттары мен тәртібінің бұзылуын анықтайды. Сондай-ақ азаматтардың өтініштерін, пациенттердің шағымдарын қараумен айналысады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында кеңес алуға немесе шағым қалдыруға болатын бірнеше кері байланыс арналары бар.

Шағымдар мен өтініштердің ең көбі 1406 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы түседі. Өтініштер санаты мен күрделілігіне қарай ақпаратты өңдеудің үш деңгейлі моделі бойынша қаралады және бөлінеді.

Бірінші деңгейге консультативтік сипаттағы мәселелер жатады. Екінші және үшінші деңгейге егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін өтініштер кіреді. Қор филиалының мамандары медициналық ұйыммен байланысады, ақпарат сұратып, медициналық көмек көрсету немесе көрсетуден бас тарту себептерін тексереді.

Қормен кері байланыстың халық арасында танымал келесі арнасы Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы (PlayMarket және AppStore-да орнатуға болады). Мұнда құжаттар қоса берілген мәтіндік форматтағы өтініштер жолданады. Әрі қарай өтінішке реттік нөмір беріледі, содан кейін өңдеу мәртебесі бақыланады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтына да сұрақтар, шағымдар мен ұсыныстар жіберуге болады. Сайттың басты бетінде баннерлер орналастырылған, олардан өтіп, өтініш қалдыруға болады.

Өтініш берудің тағы бір мүмкіндігі Telegram-да Saqtandyrybot арқылы қарастырылған. «Басты мәзір» белгісін басқаннан кейін таңдау үшін бірнеше бөлім бар. «1406-ға өтініш жіберу»-ді таңдаңыз. Өтініш бот командаларына сәйкес беріледі, онда өңір, медициналық ұйымның атауы және мәселенің мәні көрсетіледі.

Қор тарапынан халыққа қызмет көрсету жұмыстарын жақсарту үшін жеткізушілерді ынталандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының сарапшылары МӘМС пакетінде және мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі бойынша жеткізушілер көрсететін қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторингті жалғастыруда.