ӘМСҚ Жамбыл облысы медицина қызметкерлерімен әлеуметтік аударымды кешіктіру мәселесін талқылады

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері Меркі көпсалалы орталық аудандық ауруханасының ұжымымен кездесіп, зейнетақы төлемдерінің кешігуіне қор себеп емес екенін баяндады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

ӘМСҚ Жамбыл облысының медицина қызметкерлерімен әлеуметтік аударымдарды кешіктіру мәселесін талқылады
Фото: Рүстем Айтхожин/Kazinform

Еске сала кетсек, өткен аптада Меркі КОАА-да жұмыскерлердің шотына алты айдан астам уақыт бойы зейнетақы аударымдары түспегені туралы хабарлаған болатынбыз. Аурухана төлемдердің жоқтығын растады, бірақ 2025 жылдың тек екі айында түспегені айтылып, ӘМСҚ тарапынан төлемдердің жоқтығымен түсіндірді. Қор ресми мәлімдеме жариялап, онда аурухана барлық тиісті төлемді уақытында алғаны айтылған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі мен ӘМСҚ Басқарма төрағасының тапсырмасымен қордың орталық аппараты өкілдерінен құралған делегация Меркі көпсалалы орталық аудандық ауруханасына барды. Медициналық мекеме ұжымымен өткен кездесуге сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкімдігінің өкілдері қатысты.

Меркі ауданы әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан аудандық орталық аурухананың бүгінгі жағдайына тоқталды. Ол әкімдіктің медициналық ұйым ішіндегі менеджмент, жоспарлау және басқару мәселелеріне қатысты сұрақтар бар екенін атап өтті.

Аурухана басшысының м.а. Анеля Мұхаева ӘМСҚ-дан медициналық қызметтерге төлемдер уақытылы түскенін және бұл қаражат бірінші кезекте қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалғанын растады. Оның айтуынша, жалақы заңмен белгіленген мерзімде – келесі айдың 10-на дейін төленген.

Өз кезегінде ӘМСҚК Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова медициналық қызметтерді сатып алу келісімшарты, төлемдердің жалпы сомасы және транзакциялардың жиілігі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Ұжымға аурухана шоттарына аударылған нақты сома және оның қашан түскені айтылды.

Кездесу соңында аурухана басшылығы төлемдер бойынша бұдан былай кешігу болмайтынын атап өтті.

Қор қосымша бақылау шарасын енгізуді ұсынғанын да айта кеткен жөн. Процестердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қор филиалы Меркі КОАА-ны пилоттық режимде «1С: Бухгалтия» ақпараттық жүйесіне интеграциялауды бастады. Мамандардың айтуынша, бұл медициналық мекеме қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік төлемдерінің уақытылы төленуін бақылауды қамтамасыз етеді.

Бұған дейін Жамбыл облысында балабақша басшылығы бюджеттен 45,2 млн теңге жымқырғанын  жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар