АН-2 ұшағы апатынан зардап шеккен Шаяхметоваға үш ота жасалады - дәрігер

АСТАНА. ҚазАқпарат - 20-қаңтар күні Жамбыл облысында құлаған АН-2 ұшағының жолаушысы Әсем Шаяхметоваға Астанада үш ота жасалады. Бұл туралы бүгін Астанадағы нөмірі 1-ші қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ерсiн Жүнісов мәлім етті.

АН-2 ұшағы апатынан зардап шеккен Шаяхметоваға үш ота жасалады - дәрігер

"Науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Ауруханамызда жарақаттар және ортохирургия орталығы бар. Қазір осы орталық мамандары мен жан сақтау бөлімінің мамандары бірлесе, науқасқа көптеген жарақаттар бойынша хаттамалар жүргізіп жатыр. Ол жарақаттар бар ма, жоқ па, оларға қарамастан біз компьютерлік томография арқылы басқа органдарын тексеріп жатырмыз. Яғни, осында келіп түскендегі диагнозы мен қазіргі диагнозының дәлдігін анықтау мақсатында компьютерлік томография керек болып отыр", - деп түсіндірді Е.Жүнісов.

"Науқас көптеген жарақаттар алған. Қазір "сол жақ сан сүйегінің ортаңғы үштен бір бөлігінің ашық сынығы, оң жақ сирақ сүйегінің төртінші дәрежелі ашық сынығы, бас миының жарақаты, бас миының шайқалуы" деген диагноз қойылып отыр. Ампутанция жасалады деген болжам жоқ. Қазір осындай қиын жарақаттарды емдеудің жаңа жолдары бар. Қазақстанға соңғы 10-15 жылдар осындай тұжырым енгізілген. Нақтырақ түсіндірсем, науқас қатты жарақатпен түскен кезде оған тұрақтандыру аппараттары қолданылады. Содан кейін, қарқынды емдеу әдістерін қолданып, жағдайы жақсы болған кезде, оның өміріне қауіп төнеді деген күмән болмаған кезде, емдеудің екінші кезеңі ретінде 5-7 күн аралығында тұрақты емдеуге ауысамыз. Одан кейін жасалатын операциялар науқастың басқа органдарына зақымын тигізбеуі керек. Сондықтан, еуропалық, американдық құралдарды қолдана отырып, жабық остосинтез операциялары жасалады. Әсемге енді үш операция жасаймыз. Өйткені үш сүйегі сынған, сол үш сүйекті жинау үшін үш операция керек", - деп атап өттi дәрігер.

Айта кетейiк, бүгiн таңертең Әсем Астанаға жеткiзiлген болатын.

20 қаңтарда Жамбыл облысы Шу ауданында Балқаш-Шатыркөл бағытына бет алған «Олимп-Эйр» компаниясының АН-2 ұшағы апатқа ұшыраған. Соның iшiнде «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүсті металл» геологы Әсем Шаяхметова да болған еді. Апаттан кейін ол дереу «112» телефоны арқылы құтқару қызметіне хабарласып үлгерген. Оқиға орнына келген Жамбыл облысы ТЖД жедел ден қою бригадасы әуе апатынан жалғыз аман қалған жолаушыны Шу қаласындағы Орталық аудандық ауруханаға жеткізді.