Ан-2 ұшағының апатқа ұшырауына техникалық ақау немесе адам факторы негізгі себеп болуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағына қатысты Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорының басқаруындағы құрылған тергеу тобы істі өз өндірісіне қабылдап, ҚҚ-тің 344-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізіп жатыр, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, «Олимп Эйр» ЖШС-нен техникалық құжаттар алынды. Тергеуде оқиғаның бірнеше себебі аталып отыр. Соның бірі ұшақтың техникалық ақауына қатысты және адам факторына байланысты», делінген хабарламада.
20 қаңтар күні сағат 15-40-та Жамбыл облысы Шу ауданында «Балқаш-Шатыркөл кен орыны» бағытында әуешолу жүргізу кезінде «Олимп Эйр» ЖШС-нің (тапсырыс беруші «Казқмыс Корпорациясы» ЖШС-нің БалхашЦветМет ӨҰ) АН-2 маркалы UP - А 0314 санды ұшағы Шатыркөл кен орыны аймағында апатқа ұшырады.
Ұшақ бортында 7 адам, оның ішінде 3-і экипаж мүшелері, 4-і жолаушылар (БалхашЦветМет ӨҰ-ның жұмысшылары) болған.