Ан-24 апатында ешкім тірі қалған жоқ: үш күндік аза тұту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Федерациясының Амур облысында апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында болған 49 адамның ешқайсысы тірі қалмады, деп жазды DW.

Ан-24 апатында ешкім тірі қалған жоқ: үш күндік аза тұту жарияланды
Фото: Марина Лысцева / Reuters

Ұшаққа 49 жыл болғаны белгілі болды.

Құтқарушылар апат орнына жетті. Амур облысында апатқа ұшыраған ұшақ бортында болған барлық 49 адам қаза тапты, деп хабарлады Тергеу комитеті. Амур облысының губернаторы Василий Орловтың мәліметінше, бортта 43 жолаушы, соның ішінде бес бала және алты экипаж мүшесі болған.

«Ангара» әуе компаниясының Ан-24 ұшағы Хабаровск — Благовещенск — Тында бағыты бойынша ұшып бара жатқан. Тында әуежайында екінші айналымға кірген кезде апатқа ұшырады.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ұшақ шамамен 50 жыл бұрын шығарылған. Бұған дейін «Ангара» компаниясының бас директоры жаңа техника жетіспеушілігіне байланысты ескі Ан-24 және Ан-26 ұшақтарымен ұшуға рұқсат сұраған болатын.

Аймақта үш күндік аза тұту жарияланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағының сынықтары Тындадан 16 шақырым жердегі тау баурайынан табылғанын жазған едік. 

Ұшақ апатына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум