«Ан-2П» ұшақ апатына қатысты әуе компаниясының директоры күдікті ретінде танылды - Прокуратура

Көлік прокуратурасының хабарлауынша, апаттың екінші себебі, әуе компаниясының ұшу қауіпсіздігін қамту бойынша тиісті жұмыстарды орындамауы. Бұған дейін хабарлағанымыздай, апаттың бірінші себебі - экипаждың теріс әрекеттері. «Іс бойынша жиналған мәліметтер апаттың екінші себебі - әуе компаниясының ұшу қауіпсіздігін қамту бойынша тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмауы. Бұл жұмыстарға жауапты - әуе компаниясының директоры лауазымындағы адам. Апат болған күні экипаж әуеге заңсыз ұшырылған, себебі, экипаж мүшелерінің бірі ресми түрде ұшу құқығынан айырылған болатын, яғни, әуе кемесінің түрі мен рейтингісі бойынша бір экипаж мүшесінің ұшу құқығының мерзімі аяқталған. Бұдан басқа, әуе компаниясының директоры тәртіп бұзып, екі ұшқыштың жыл сайын медициналық тексеруден өтуіне және міндетті түрде дене шынықтыру дайындығынан өтуіне жағдай жасамаған. Сонымен қатар, аэродром мен қону алаңдарын есептеу жөніндегі ережелер бұзылып, әуе компаниясы «Шатыркөл» кеніші ауданында қауіпсіз ұшу үшін ұшқыштарға керек нұсқаулық (бағдар, отыру нұсқалары және т.б.) әзірлемеген», - деп хабарлады Көлік прокуратурасы. «Әуе компаниясының басшылығы тарапынан ұшу қызметіне тиісті қадағалау жүргізілмегенін Комиссияның қорытынды есебі растап отыр. Сондықтан, ұшақты пайдалану және ұшыру қауіпсіздігін (ҚК 344 бабының 3 бөлігі) бұзғаны үшін, сондай-ақ, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әуе көлігін басқаруға құқығы жоқ адамның осы кемені басқаруына жол бергені (ҚК 359 бабының 4 бөлігі) үшін әуекомпания директоры күдікті ретінде танылды. 2015 жылдың 25 қарашасында ҚР ҚПК-нің 305-бабына сәйкес ол сотқа беріліп, қылмыстық іс Жамбыл облысы Шу аудандық сотына қарауға жолданды»,-деп хабарлайды Көлік прокуратурасы.