Аң, балық аулауда қандай қауіпсіздік шаралары бар

балық аулау
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар бөлімі

Демалыстың сәті түскенде балық аулауды әдетке айналдырған ер азаматтар аз емес. Оларға жылдың қай мезгілінде де өзен-көл жағасында балық аулау – ғанибет. Аң аулау маусымын да күтіп жүретіндер баршылық. Осы ретте жеке бас қауіпсіздігі шараларына назар аударған артық болмайды. Kazinform бұл орайда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Еркін Назарқұловты әңгімеге тартқан еді.

– Балық аулауға шыққанда тосын жағдайға ұрынбау үшін қандай сақтық шараларына назар аударған жөн?

– Көлдің немесе өзеннің жағалауында балық аулауға кірісер алдында таңдалған жерді мұқият қарап шыққан артық емес. Айдынның қауіпсіздік дәрежесі анықталуы қажет. Алдымен, жағадан үшкір тастарды, тікенекті бұтақтарды және басқа да қауіп келтіруі мүмкін заттарды алып тастаған абзал. Содан кейін балық аулауға арналған құралдарды орын-орнына қойып, қармақпен балық аулағанда кедергі келтірмейтініне көз жеткізсе болады. Қопарылған және тік жағалауларда ерекше сақтық қажет. Сазды жағалаулар, әсіресе, жаңбырдан кейін тайғақ болады. Сол себепті суға сырғып кету қаупі бар.

балық аулау
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар бөлімі

– Көлдің немесе өзен ортасында қайықпен балық аулайтындарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы, оқыс жағдай бола қалса, жүзе білу қажет екенін естен шығармаған абзал. Бұл өз өмірін сақтап қалуға, тіпті, ең қиын, күтпеген жағдайда қасындағы адамды құтқаруға көмектеседі. Су айдынына шығар алдында азаматтар қайықтың жай-күйін мұқият тексеріп, ескектің ақаусыз екеніне көз жеткізуі қажет. Балық аулауға арналған құралдарды қайықтың жанына салып қойған артық емес. Ал басқа заттарды (киімді, сөмкені, дорбаны) қайықтың алдыңғы жағына және орындықтың астына орналастырған жөн. Міндетті түрде қайықта құтқару шеңбері немесе құтқару кеудешесі, су жинауға арналған шелек немесе басқа да ыдыстар болуы тиіс.

балық аулау
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар бөлімі

– Ал қыс айларында аңшылық жасайтын тұрғындар не ескеруі қажет?

– Аңшылық тек арнайы рұқсат құжаты бар шаруашылықтардың аумағында жүргізілуі тиіс. Әрбір аңшының аң аулау ережесін, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауы керектігін еске салайын. Суда жүзетін құстар, сумаңы жануарларының өзгеше мінез-құлық танытуы немесе жаппай қырылуы байқалса, бірден қорық қызметіне, болмаса аудандық, облыстық аңшылық шаруашылығына шұғыл түрде хабарлау қажет. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың азаматтық борышы.

Аң атуға рұқсат қағазды аңшылық шаруашылықтары береді және өзге шаруашылықтардың аумағына кіруге немесе мерзімі аяқталған жолдамамен аңшылыққа шығуға, құжатты өзге тұлғаларға беруге тыйым салынады.

Тағы бір ескере кететін жайт, тұяқты жануарларды атуға шыққан кезде аңшылық, шаруашылық қорықшысымен бірге жүру – міндетті. Аң аулау тәртібі туралы ақпаратты аңшылар қоғамынан және аңшылық шаруашылықтарынан алуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

балық аулау
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар бөлімі

 

Соңғы жаңалықтар